Шымкент қаласында бүгін тағы бір келешек мектебі ашылды. Бұл, ұлТтық жоба аясында екі жылдың ішінде салынған он екінші білім ұясы. Жаңа оқу жылында 18 мыңға жуық оқушы Президент бастамасымен қолға алынған және білім алуға барынша қолайлы жағдай жасалған осындай оқу ордаларында сабағын бастады.
Таскен тұрғын алабындағы келешек мектебі 1 жарым мың оқушыға лайықталған. Білім ұясы соңғы үлгідегі жиһаздармен, интерактивті тақталар, STEM-зертханалары және ІТ құралдарымен жабдықталған. Тазалық пен қауіпсіздікке айырықша көңіл бөлінген. Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балалар үшін инклюзивті білім беру талаптарына сай бейімделген сыныптар мен қолайлы орта жасақталған.
Дәулет Алтынбайұлы, ата-ана:
Бұрын төрт баламыз үш мектепте оқитын. Енді бәрі жақын маңда ашылған жаңа мектепке келді. Жағдайы өте жақсы, баланың оқуына барлық мүмкіндік жасалған, жас ерекшелігі де ескерілген. Партадан бастап техникалық базасына дейін көңілімізден шықты. Қуаныштымыз.
Мегаполисте бүгін сондай-ақ 1 мың 200 оқушыға тарлық ете бастаған өзге білім ұясы жанындағы қосымша ғимаратта алғашқы қоңырау соғылды. Мұнда енді 600 бала оқиды.
Былтыр жаңадан іске қосылған жайлы мектептердің арқасында қаладағы үш ауысымды білім ұялары қалыпты оқу жүйесіне көшті. Ендігі міндет оқу процесіне айырықша көңіл бөліп, шәкірттердің білім деңгейін жоғарылату.
Гүлназ Сүлейменова, қалалық Білім басқармасының басшысы:
Биылғы басты мәселе – жұмысшы мамандарға кәсіби бағдар беру. Екінші бағыт – «Келешек мектептері» жобасы. Бұл жұмысты жандандыру қажет. Үшінші – жасанды интеллектіні енгізу. Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі мен суицидтің алдын алу бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылады.
Бүгін Шымкент қаласындағы 350-ге жуық мектепте алғашқы қоңырау соғылды. Биылғы оқу жылында 271 мың оқушы партаға жайғасып, білім жолындағы ізденістеріне кірісті. Оларға 20 мыңнан аса ұстаз сабақ беретін болады.
Ғани Қалмаханов