Екінші деңгейдегі қазақстандық төрт банк Ақмола облысы прокуратурасының хабарламасына қатысты бірлескен мәлімдеме жасады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мән-жайы
Прокуратура мәліметінше, Ақмола облысында ұйымдасқан қылмыстық топ әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды ұрлап, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеумен айналысқан. ҰҚТ құрамына еліміздің түрлі өңірлерінен 25 адам кірген.
"Олардың арасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің орталық аппаратының қызметкері, сондай-ақ, банктердің (Kaspi Bank, ForteBank, Еуразиялық Банк, Jusan bank) қызметкерлері болған", — деп жазылған прокуратура хабарламасында.
Банктер мен Қаржыгерлер қауымдастығының мәлімдемесі
Мәлімдемеде банктерге прокуратура органдарынан олардың бұрынғы немесе қазіргі қызметкерлері осы тергеудің фигуранттары екені туралы ресми хабарлама түспегені айтылған. Банктер осы іске қатысты прокуратура органдарына ресми сұрау салуды жоспарлап отыр.
Ресми құжаттар алынып, ақпарат расталған жағдайда, барлық банк тергеуде барынша көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!