Қаржылық мониторинг агенттігі жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақыларды және атаулы әлеуметтік көмек төлемдерін заңсыз тағайындау деректерін анықтады. 2024-25 жылдары агенттік жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге залал келтірген 13 қылмыстық істі қарады, деп жазады Egemen.kz.

Жүктілік пен босануға байланысты жәрдемақылар бойынша 10 іс тергеліп, 15 адам жауапқа тартылды.

Жалған жұмыспен қамту схемасы:

385 жүкті әйелді жалған кәсіпкерліктерге жұмысқа орналастыру арқылы мемлекетке 1 млрд теңгеден астам шығын келтірілген.

Ақтөбе облысында Өмірбекова мен Баймұрзаева 70 әйелді 29 ЖШС-ға жалған жұмысқа орналастырып, 487 млн теңгені жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Шымкент қаласында Дүйсенова осыған ұқсас әрекеті үшін 98 млн теңге залал келтіріп, 5 жылға сотталды.

Барлық істерде қылмыс бір әдіспен жасалған: әйелдер арнайы құрылған кәсіпкерліктерге жалған жұмысқа қабылданып, өткен күнмен ең жоғары әлеуметтік және зейнетақы аударымдары рәсімделген. Соның негізінде жоғары төлемдер тағайындалған.

Атаулы әлеуметтік көмек бойынша:

15 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің лауазымды тұлғаларына қатысты 3 іс қозғалды.

Схема бас бухгалтерлердің сенімді адамдарды әлеуметтік осал топқа жатпайтын болса да көмек алушылар тізіміне қосуынан тұрған. Кейін оларға қаражат аударылып, қолма-қол ақшаға айналдырылған.

- 2023 жылдан бері eGov порталы арқылы құжат рәсімдеу мен мәртебе беру процесінің цифрландырылуы мұндай алаяқтықтарға жол бермейтін болды, — делінген ақпаратта.

Агенттік Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қылмыстардың жасалуына ықпал еткен себептерді жою үшін ұсыныстар жолдады.

Ережелерге өзгеріс енгізілді: енді жәрдемақы тағайындау кезінде «өткен күнмен» төленген зейнетақы жарналары есепке алынбайды.

Агенттік мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жалғастырып жатыр.