Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Парламент Мәжілісіндегі алты саяси партияның фракция жетекшілерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосуға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» ХДПП фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» ҚДП фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, ЖСДП фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов және Президенттің Парламенттегі Өкілдігінің басшысы Әмірбек Оспанбеков қатысты.
Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында жариялаған Жолдауындағы негізгі бастамаларға назар аударды. Ал фракция жетекшілері Жолдаудың орындалуын бақылау және заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс жоспары жөнінде мәлімет берді.
Жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының Жолдауда ұсынған парламенттік реформасы туралы пікір алмасты. Мемлекеттік кеңесші Президенттің жаңа саяси бастамасы, ең алдымен, саяси жүйенің институционалдық негіздерін одан әрі нығайтуға бағытталғанын атап өтті. Фракция жетекшілері Президенттің Парламентті реформалау жөніндегі ұсынысына қолдау білдіріп, алдағы қоғамдық талқылауларға белсене қатысуға дайын екенін жеткізді.
Сондай-ақ Мемлекеттік кеңесші Президенттің Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында әзірленіп жатқан заң жобаларын талқылады.
Кездесу соңында Ерлан Қарин Президент бастамаларын іске асыруға заңнамалық тұрғыдан белсенді қолдау көрсеткені үшін партиялық фракцияларға алғыс айтып, алдағы уақытта да осындай тиімді ықпалдастық болатынына сенім білдірді.