55 мыңнан астам қазақстандық үй кезегіне тіркелді. Бұл үш күндегі көрсеткіш. Яғни, азаматтарды тұрғын үй кезегіне есепке қоятын арнайы сайт іске қосылғалы, халық осындай белсенділік көрсеткен. Өтініш берушілердің басым бөлігі Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан. Сонымен, баспана кезегіне қалай кезекке тұруға болады, кезекке тұрғандарға тегін үй беріледі ме? Талап қандай?

Самал Қабышева, тілші:

Баспанаға өтініш беру үшін orken.otbasybank.kz сайтына кіру керек. Ол жерде «өтініш беру» батырмасы бар. Оған кіру үшін электронды цифрлы қолтаңба қажет. Оның көмегімен авторизациядан өтесіз. Өтініш берудің екі нұсқасы көрсетіледі. Яғни, өз атыңыздан немесе заңды өкіл ретінде бере аласыз. Осы екеуінің бірін таңдауыңыз керек. Бесінші қадам, санатты таңдау. Өтініш беруші көрсетілген тізімнен өз санатын таңдайды. Ал, ол жерде өтініш берушінің санаты жоқ болса, онда анықталмаған тармағын таңдауы тиіс. Артынша электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қоюы керек. Иә, батырмасын таңдап, жөнелту түймешесін басасыз. Осы арқылы сіз жеке мәліметтерді жинауға және пайдалануға келісіміңізді бересіз. Артынша 1414 номерінен смс хабарлама келеді. Сіз растағаннан кейін жүйе деректерді мемлекеттік қорларға жібереді. Мемлекеттік деректер қорыннан оң жауап пен туыстардың келісімін алғаннан кейін сіздің өтінішіңіз автоматты түрде өңделеді. Ол үшін туыстарыңыз электронды цифрлы қолтаңба арқылы қол қоюы керек. Келісімге қол қойғаннан кейін олар да 1414 номерінен хабарлама алады. Өтініш беруші барлық жаңалықтарды өзінің жеке кабинетінен көре алады. Тіркелген санаты да сол жерде көрсетіледі. Ал, тұрғын үйге мұқтаж жан ретінде соңғы бес жылда баспанасы жоқ, кәмелетке толған қазақстандықтар өтініш бере алады. Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылғандарға да бұл қызмет қолжетімді. Ескеретін жайт, тұрғын үйге мұқтаж азамат ретінде тіркелсеңіз, бұл — сізге тегін үй беріледі дегенді білдірмейді. Бірақ, сіз мемлекеттік қолдауға және жеңілдіктерді пайдалануға мүмкіндік аласыз. Яғни, тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау, жергілікті атқарушы органдардың жалға берілетін тұрғын үйіне және бастапқы жарнасы төмен және жылдық пайызы 2-5 пайыздан аспайтын түрлі мемелкеттік бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие боласыз.

Самал Қабышева