Әлеуметтік желіде жасанды сана шығарған жалған бейнероликтер мен ақпараттар қаптады. Соның бірі Ұлттық банк атынан жарияланды. Онда банктер жоғалған ақшаны қайтарып, тегін көмек көрсетеді деп халықты алдайды. Бұдан бөлек, алаяқтар азаматтардың жеке деректері мен ақшасын иемдену үшін жалған аккаунттар мен мемлекеттік мекемелердің сайттарын жасайды. Халықты сендіру үшін тіпті лауазымды тұлғалардың фотосын да пайдаланады . Ал жасанды интеллект шығарған жалған бейнероликті шынайы ақпараттан қалай ажыратамыз?

Алаяқтар жалған бейнероликтерді таратуды әдетке айналдырған. Олар Ұлттық банк басшылығының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің ресми видеомәлімдемелерін пайдаланып, қолдан дыбыстайды. Онда алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға ақшаларын қайтарып, тегін көмек көрсетілетіні туралы уәде беріледі. Мұндай бейнероликтер YouTube, Instagram және TikTok секілді әлеуметтік желілерде жарнама арқылы таратылып жатыр.

Гүлфар Артықбаева, ҚҰБ қауіпсіздік департаментінің жетекші маманы:

- Қаскөйлерге алданбау үшін ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеріңіздер, күмәнді сілтемеден өтпеңіздер. Мессенджерлер мен әлеуметтік желіліердегі белгісіз аккаунтарға сенбеңіздер. Қаскөйлер мессенджерледе жалған сайттар мен аккаунтар жасап, мемлекеттік ұйым өкілдерінің фотоларын пайдаланады. Ұлттық банк азаматтарға қоңырау шалмайтынын, инвестиция ұсынбайтынын және жеке тұлғалармен ақшалай есеп айырыспайтынын ескертеміз.

Техника тілінде бұл «дипфейк» деп аталады. Арнайы бағдарлама адамның сырт келбетін, мимикасын және дауысын шынайы түрде бейнелеуге мүмкіндік береді. Осылайша алаяқтар өзіне қажет ақпаратты біреудің бейнесімен жазып, көпшілікке таратады. Қоғамдық пікірге манимуляция жасап, жалғанды ақиқат қылып, шындықты өтірік етіп сендіреді.

Думан Смақов, Factcheck.KZ бас редакторы:

- Жай фейктерге қарағанда әрине дипфейктер сәл қиынырақ. Бұл жерде ЖИ қатысуымен болатындықтан біз оны күредлі фейктердің қатарына жатқызамыз. Бірақ, десе де ЖИ жасағағанын басқа жасанды интеллект көреді. Сондықтан басқа сервистерге салсақ, бұның жасанды интеллект көмегімен жасалды ма? Жасалмады ма? анықтап береді.

Сарапшы: ақпараттық сауаттылық керек

Жалған ақпарат таратуға қатысты әкімшілік кодексте де, қылмыстық кодексте де баптар қарастырылған. Бірінде айыппұл салынса, екіншісінде осындай қылмысқа барғандар 7 жылға дейн темір торға қамалады.

Думан Смақов, Factcheck.KZ бас редакторы:

- Бүкіл адамға айыппұл салуға, немесе бүкіл адамды ұстап алып жазалауға мемлекеттік қауқары жетпейді. Сондықтан ең бірінші кезекте, ағартушы функцияны енгізу керек. Мектептерде, ЖОО-да "Медиа және ақпараттық сауат" пәндерін енгізіп, азаматтарды қосымша иммундау жүйесін жасмау керек. Бұл вакцинамен иммундау емес, біліммен иммундау.

Осыдан төрт-бес жыл бұрын видеодағы адамның түріне қарап, оның жасанды екенін аңғаруға болатын еді. Ал қазіргі технология адамның көз қарашығынан бастап, езу тартқанына дейін көшіріп береді.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Бүгінде фейк ақпараттың негізгі белгілері мынадай дейді сарапшылар: ең бірінші алаяқтар адамдарды эмоцияға шақырып тұрады. Көбінесе сізді табыс табуға итермелейді. Аз ақша салып, оңай олжалы болуға үндейді. Немесе тегін пицца, сусындар таратып жатыр деп түрлі акциямен алдайды. Сосын «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ». Сондықтан желідегі ақпарат сізге күмәнді болып көрінсе, сын көзбен қарап, ресми дереккөздерден бір тексеріп алған жөн.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ғалымжан Абдылахат, Гүлжан Көленқызы