Президент құтқарушыларды кәсіби мерекесімен құттықтады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы бейбіт күннің батырларына шынайы ризашылығын білдіріп, азаматтық қорғау саласының еліміз үшін стратегиялық маңызы ерекше екенін атап өтті.
"Конституциямыздың алғашқы бабында "Адам және адамның өмірі – мемлекеттің ең қымбат қазынасы" екені анық көрсетілген. Азаматтық қорғау саласының әр қызметкері ел қауіпсіздігі және азаматтарымыздың амандығы үшін қажырлы еңбек етіп келеді. Шын мәнінде, құтқарушы болу – кез келген төтенше жағдайға дайын тұру, ешқандай қауіп-қатерге қарамастан адам өміріне араша түсу деген сөз. Бұл – өте абыройлы іс, жауапты қызмет. Халқымыз өздеріңіз сияқты батыл, ержүрек және ең бастысы нағыз отаншыл азаматтарды әрдайым мақтан тұтады. Сіздердің адал қызметтеріңіз – өскелең ұрпақ үшін өте жақсы үлгі-өнеге", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент кейінгі жылдары еліміз бастан өткерген табиғи апаттардың ең ауыр салмағы құтқарушыларға түскенін айтты.
"Былтыр алапат су тасқыны кезінде сіздер жұртты қауіпсіз жерге көшіріп, апаттан аман алып қалдыңыздар. Қостанайда, Семейде және басқа да аймақтарда болған орман өртіне қарсы тұрып, тілсіз жаумен күрестіңіздер. Төтенше жағдай болған аймақтарға өзім де арнайы бардым. Ерлікке бергісіз нағыз еңбекті өз көзіммен көрдім. Сондықтан азаматтық қорғау саласы мамандарының кәсіби шеберлігі және табанды еңбегінің арқасында біз бір ел болып барлық қиындықты еңсердік деп толық сеніммен айтуға болады. Жалпы құтқарушыларымыз кейінгі 5 жылда 225 мыңға жуық адамның өмірін сақтап қалды. Сондай-ақ, шетелдегі гуманитарлық миссияларға қатысып, кәсіби деңгейі жоғары озық маман екенін дәлелдеді. Сол арқылы еліміздің халықаралық беделін арттыруға атсалысты. Осы орайда бүгін мен еліміздегі құтқарушыларға тағы да зор алғысымды айтамын", – деді Мемлекет басшысы.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!