Адамзат баласы жаралғалы бері өмір де, сол өмірдің өзін ақ қағазға кестелеуі тиіс сөз өнері де бір орында іркіліп, бірер сәтке де дамылдаған емес. Әдебиет арқырап аққан өзен сынды замана туғызған танымды өз иіріміне тартып, тың көзқарас пен жаңа түсініктер туғызып, көлденең кедергіні бұзып-жарып жөңкіліп келеді. Бұл ағынды жасанды интеллект бөгемей ме?
Қазір ғаламның білігі мен білімі ЖИ-ға қотарылып, сезімнің орнын ақыл басты. Сауатты жазылған мәтін мен жаны бар жазбаның арасында шекара пайда болып, адамның миы мен жасанды жадының ұлы күресі басталды. Мұның сыртында қаламгерлер айлап ойланып, жылдап толғанып жүріп ақ қағазға қашай алмайтын көркем әңгімені, яки өлеңді айналдырған он секундта қыздың жиған жүгіндей жазып бере қоятын «ЖИ» атты құдіретпен бәсекеге түсетін заман келді. Әңгіме мен өлеңді қойшы, әлемде поэма мен романды ЖИ-мен жазатын қаламгерлердің де төбесі қылаң беріп қалғанын естіп жатырмыз. Көзқарастардың айнасы құбылып, бұқараның адами болмыс бітімі өзгеріп жатқанда, қаламгер жарата алмаған көркемдікті жасанды зерде жаны бар етіп жасап, тамырына қан жүгіртсе (келешекте бұл да мүмкін ғой), оны қалың оқырман жаппай тұтынар болса, көшкен керуеннің артынан үрген иттей болудың қажеті жоқ шығар. Бұл жайтқа асанқайғылық көзбен қарап, «ЖИ әдебиетті тығырыққа тірейді» деп жалаң ұран көтеруден аулақпыз. Керісінше, біздің көкейде «ЖИ тұтынатын жаңа адамдардың бөлекше тұрпатты болмысын, мың сан қатпарлы психологиясын біздің әдебиет қалай жазуы тиіс?» деген сауал тұруға тиіс.
Интернет қарқынды дамып, қоғамның барлық саласына ЖИ тұмсығын тығып үлгерген дәуірде кейіпкерлердің образы да күрделене түсуі заңды құбылыс. Уақыт өткен сайын ЖИ адамның қуанышы мен қайғысын баяғы қалыптан айырады. Оны Жақсыбек Ешімқұлов атты жас қаламгердің «Өлім. Код. Өмір» атты әңгімесін оқығанда анық сезіндік. Жас қаламгердің жазу мәнеріндегі жаңашылдығын шетке ысырып қойып, тіке сюжетіне назар аударыңызшы.
Жалғызілікті ананың Әмір атты баласы шетінеп, адамы көп қалада бір өзі қалады. Өмірдегі үміт жібін жалғыз ұлдың келешегіне байлаған Толқын атты келіншек күйзелістің теңізіне батып, депрессияға түседі. Шетінеп кеткен перзентінің суреттері мен видеоларын қарай-қарай көзі талып, құрбысының кеңесімен жасанды интеллект арқылы сағым бала жасайды. ЖИ перзентінің суреттері мен бейнежазбаларына жан бітіріп, онысы адамша сөйлеп, виртуалды әлемде дербес өмір сүреді. Жарым көңіл сорлы ана күнделікті компьютердің алдында отырып алып, сол виртуалды Әмірге мұңын шағады, сырын ақтарады.
Рас, кез келген адамның өмірінде түрлі қайғылы қаза болады ғой. Жақынымыз дүние салса, оның суреттері мен бейнежазбаларын әлсін-әлсін қарап, іштегі шер мен күйікті басқымыз келетіні өтірік пе? Осыдан-ақ, замана жаратқан игіліктер бірте-бірте адамның қайғыру сезімінің өзін өзгеріске түсіре бастағанын байқауға болмай ма?
Ең азаптысы сол, жалғызілікті келіншек, ЖИ-дағы сағым баласының іші пысқан соң, оған серік болар виртуалды қыз да жасайды. Сағым Әмір сол қызбен көңіл көтеріп, шынайы өмірдегі анасын ұмытады. Жасанды зердемен өшкен үміттің шырағын жақпақ болған шерлі Толқын ЖИ ішіндегі виртуалды перзентін қызғанып, ақырында Әмірдің сағым ғашығының көзін жойды.
Шағын ғана әңгімедегі келіншектің аянышты халі кімнің болмасын жанын түршіктіреді. Виртуалды әлемге қуанышы мен қайғысын «жасырған» жалғызілікті адамы көп қоғамда өмір сүріп жатқандықтан да болар бүгінгі нақты заманды суреттеген, қазіргі адамдардың ішіндегі мұң-зарды бейнелеген, оны жастардың ойлау қабілетіне үйлестіре жазылған шығармаға ерекше ықыласымыз ауып отыр.
Бұл шығарма қазақ әдебиетінде әлі де қозғала қоймаған тақырыпты қаузауымен де құнды көрінді. Әңгіме тақырыбының сәтсіз қойылғаны, виртуалды әлем логикасының ашыла қоймағаны, басты кейіпкер Толқынның күйзелісінің тереңірек суреттелмегені, шығармадағы стильдік және граматикалық қателіктердің аз еместігі секілді кемшіліктерді есепке алмасақ, жұбаныш пен қасіреттің, үміт пен өкініштің пішінінің өзгергенін ұқтырғаны үшін авторға ризамыз. Осылай ЖИ дамыған замандағы ана мен баланың арасындағы еріксіз виртуалды байланыс жанымызды жабырқатып қана қоймай, адамдардың қайғымен күресуі де бұрынғыға ұқсамайтынын мойындатты.
Әңгімені оқығаннан кейін бірнеше күн ауыр ойдың жетегінде жүрдік. Заман технологиясы өзгерген сайын бұрынғы қалпымызды сақтап тұра алмайды екенбіз. Жаңа заман жаңа адамдарды дүниеге әкеліп, уақыт өткен сайын олардың психологиясы да цифрлы технологиялар сынды күрделене түседі-міс. Осыдан бірнеше жыл бұрын жазушы-журналист Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббат» атты әңгімесін оқығанда интернетпен сөйлесіп жүріп, адам секілді әңгімелесуден қалған Z ұрпақтың қасіретін жазбай танып едік. Сол кезде де әдебиеттің басты міндеті адамның ішіне үңіліп, шынайы өмірді жазу екенін іштей түйсінгенбіз. Біз сөз етіп отырған Жақсыбек Ешімқұловтың «Өлім. Код. Өмір» атты әңгімесі болашақта дүниеге келетін көркем туындылардың қалыбының да басқаша боларын һәм ақын-жазушы да ЖИ тұтынатын оқырманның талғамына сай түлеуге тиістігін аңғартты.