Ақмола облысында биыл жасақталған ауыл құтқарушылары 11 өртті өз күшімен сөндірді. Ерікті өрт сөндіру құрылымдары қаладан шалғай елдімекендерде орналасқан. Жалпы өңірде осы жылы «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 17 өрт сөндіру бекіті ашылды.
Сандықтау ауданына қарасты Спасское ауылындағы өрт сөндіру бекеті төрт ауылдың халқына қызмет көрсетеді. Қазір бұл бекетте төрт адам тәулік бойы кезекшілік етеді. Олар елдімекен маңындағы орман алқаптарын да тілсіз жаудан қорғайды.
Евгений Сунцов, өрт сөндіру бекетінің басшысы:
- Әртүрлі жағдайлар болады. Біз енді орманды жерде тұрғасын көбінесе дала өрттері тіркеледі. Екі көлігіміз сақадай сай дайын тұрады. Ауданнан көмек келгенше біз өрттің жайылып кетпеуіне күш саламыз. Кейде өзіміз сөндіріп те үлгереміз.
Өрт сөндіру бекеті ауылдағы шаруа қожалығының базасында құрылған. Қазір мұнда өрт сөндіруге арналған екі техника бар.
Абзал Азаматұлы, тілші:
- Бір ерекшелігі мына өрт сөндіру көлігін серіктестік мамандары өздері құрастырып шығарған. Мұнда тілсіз жауды ауыздықтауға арналған қажетті құрал жабдықтың барлығы бар. Осы техниканың көмегімен белсенділер биыл бірнеше дала өртін сөндірген.
Қазір Сандықтау ауданында осындай алты өрт сөндіру құрылымы бар. Алдағы уақытта тағы ашылмақ. Бұл жергілікті құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, өртті тез өшіруге мүмкіндік береді,-дейді жауаптылар.
Әсет Жанғожин, Сандықтау аудандық ТЖ бөлімінің бастығы:
- Алдағы уақытта 6 елдімекенді қамтитын осындай тағы екі бекет ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы мұндай құрылымдар біздің жұмысымызды жеңілдетеді. Яғни біз келгенше жергілікті өрт сөндіру құрылымы өз күшімен өртті сөндіріп бастайды.
Ерсайын Қойшыбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:
- Өрт сөндіру бекеттері ашылып жатқан көп ауылдар аудан орталығына өте шалғай орналасқан. Тіпті кейбірі 100 шақырымнан асады. Оған көмек жеткенше көп уақыт кетеді. Сондықтан негізгі екпінді осындай ауылдарға беріп отырмыз. Біздің тараптан техникалар беріліп, мамандарды арнайы оқудан өткіземіз.
Жалпы биыл еріктілер 100-ден астам тілсіз жауды ауыздықтауға атсалысқан. Соның 11-ін өртті өз күшімен сөндірген.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный