Асқар Ақаев жасанды интеллект дәуірі туралы баяндады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының тұңғыш Президенті, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Асқар Ақаев көшбасшылық дәріс оқыды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен жоғары оқу орнының оқытушылар құрамы қатысты.

Келелі кездесуде профессор адамзат дамуының жаңа кезеңдері тақырыбында сөз қозғап, әлемнің технологиялық, демографиялық және эволюциялық үш маңызды шекара алдында тұрғанын атап өтті. Сондай-ақ ол жасанды интеллектінің өркендеуі мен оның экономикаға ықпалын жан-жақты талдады.

"Бүгінде әлемде барлық сала жасанды интеллект кезеңіне қадам басты. Егер адамзат осы технологиялық толқынды саналы түрде игерсе, даму мүмкіндігіміз жоғары болмақ. Қазақстанда да биыл көптеген өзгерістер болды. Мәселен, Қасым Жомарт Тоқаевтың жолдауында жасанды интеллект министрлігін құру қолға алынды. Бұл — өркениеттік бетбұрыстың алғышарты. Сондай-ақ бүгін мен барлық салада жасанды интеллектінің ықпалын жан-жақты түсіндіремін, талдаймын. Әлеуметтік-экономикалық дағдарыстарды талдау үшін жасанды интеллект моделдерін бөліп көрсетемін", – деді М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, профессор Асқар Ақаев.

Ғалымның пікірінше, 2027-29 жылдары "адам интеллекті деңгейіндегі" жасанды интеллект құру мүмкіндігі өте жоғары. Бірақ "адам+ЖИ" симбиозының барлық салалардағы жетекші күшке айналуы адамзат эволюциясының прогрессивті бағыты бойынша қозғалуына мүмкіндік береді.

Дәріс соңы ашық диалог форматында өткен пікірталаспен аяқталды.