Әлемдегі демографиялық өзгерістер мен қарттардың көбеюі зейнетақы жүйесіне салмақ салып отыр. Себебі денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету және экономикаға қосымша қаражат қажет. Көп елде зейнетақы қоры еңбекке жарамды азаматтардың жарналары есебінен жиналады. Туу деңгейінің төмендеуі мен өмір жасының ұзаруы жұмыс күшінің үлесін кемітіп жатыр. Бұл өз кезегінде зейнетақы жүйесінің тұрақтылығына әсер етеді.

Мысалы, Монакода тұрғындардың 37 пайызы 65 жастан асқан. Яғни еңбекке қабілетті азаматтар саны азайып, зейнеткерлер үлесі айтарлықтай өсіп отыр. Екінші орында Жапония тұр. Мұнда тұрғындардың 30%-ы 65 жастан асқан. Бұл шамамен 37 миллион адам. Еуропада да бұл мәселе ерекше байқалады. Атап айтқанда, Италияда — 25,1%, Германияда — 23,7%, ал Францияда — 22,4% зейнет жасындағы азамат бар.

Алдағы 20 жылда әлем халқы көбейіп, 2040 жылға қарай шамамен 9,2 миллиардқа жетуі ықтимал. Осы аралықта жаңағы айтқан мәселелер туындайды. Дегенмен БҰҰ дерегі бойынша, 2040 жылдан кейін Қытай, Жапония, Ресей және көптеген Еуропа елдерінде өсім біртіндеп азая бастайды.