Ақмола облысының Степняк қаласында жаңа аурухана салынды. Ғимарат құрылысына және жабдықталуына 6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді. Нысан жанынан емхана да бой көтерді. Аурухана, барлық заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген.
Біржан сал ауданының тұрғындары жаңа аурухананың ашылуын көп күтті. Себебі олар ескі нысанда ем алып келді. Тіпті басқа қалаларға қатынап, емделуге де мәжбүр болған.
Самсинур Дәулеқанова, Заозерный ауылының тұрғыны:
- Бұрын жағдайы көп болған жоқ. Щучьеге, Көкшетау мен Астанаға баратынбыз. Қазір жабдықтың бәрі жаңа. Узи, тіс аппараттары бәрі оңды. Жақсы. Жаңа бәрі.
Жаңа нысан 74 орынға есептелеген. Оған қоса 200 адамды қабылдайтын емхана да осы ғимарат жанынан орын тепті. Қазір мұнда 11 мың адам тіркелген. Емдеу мекемесінің техникалық базасы толық жаңартылған.
Маралбек Жиналыс, Біржан сал аудандық ауруханасының бас дәрігері:
- Қазір жұмыс істеп тұрған рентген апарат, флюра, мамография, эндоскопия апарат және операциялық блок толыққанды жұмыс істеп тұр. Осыған байланысты мамандарды тартып жатырмыз. Қазір бізге анестезиолог, травматолог, хирург жұмысқа келді.
Диана Серікбай, Біржан сал аудандық ауруханасының дәрігері:
- Бір жыл болып қалды жұмыс істеп жатқаныма. Алдынғы айларда ескі ауруханада жұмыс істедік. Енді жаңа аурухана ашылды. Бұл жақта мүмкіндік өте көп. Жас мамандарға болашақта дәрігерлікті оқып, меңгеріп, үлкен маман иесі болуға мүмкіншілік көп.
Биыл өңірде 43 медициналық мекеме қолданысқа берілді. Оның 38-і «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Жаңа нысандар 130 мыңға жуық ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко