Shakarim University-де Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен, AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Agriculture-2025» атты ірі технологиялық солватон өтті. Бұл – жасанды интеллект негізіндегі цифрлық және агротехнологиялық шешімдерді әзірлеуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бірі, деп хабарлайды Egemen.kz.


«AI-Sana Shakarim Solveathon – студенттер, жас ғалымдар, зерттеушілер мен стартап-командаларға нақты аграрлық сектордың мәселелеріне қысқа мерзім ішінде тиімді және практикалық шешімдер әзірлеуге мүмкіндік берген үш күндік инновациялық марафон. Солватонның басты мақсаты – ЖИ технологияларын қолдана отырып, ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жаңа жобалар мен өнімдер әзірлеу болды», дейді ұйымдастырушылар.

Олардың айтунша, іс-шара ғылым, білім және бизнес арасындағы байланысты тереңдетуді, өңірлік агросектордың тұрақты дамуына жастардың технологиялық әлеуетін тартуды көздейді. Бұл – жаңа буын мамандарының шығармашылық қабілетін шыңдап, агросаланы цифрландыруға тың серпін беретін алаң.

Солватон қонақтары алдымен университет жанындағы Шәкәрім музейінде болып, ұлы ойшылдың рухани мұрасымен танысты. Онда қатысушыларға ЖИ саласындағы ғылыми үдерістер туралы айтылды. Инновацияға бастайтын кез келген қадам рухани негізден басталуы тиіс екенін түсіндірілді.

Іс-шараның ресми ашылуында Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын еске алды.

«Аграрлық міндеттерді тек дәстүрлі тәсілдермен шешу мүмкін емес. Бізге жасанды интеллект сияқты жаңа технологиялар қажет. Бүгінгі солватон – Президенттің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырудың бірегей алаңы», деді ректор.

Сонымен қатар Думан Рымғалиұлы ауыл шаруашылығында үлкен деректерді талдау мен ЖИ жүйелерін енгізу арқылы ресурстарды үнемдеу, өнімділікті бірнеше есе арттыру мүмкіндігіне тоқталды. Бұл жобалар өңірдің агросаласын цифрлық трансформациялаудың маңызды қадамы екенін жеткізді.

Ал Абай облысы әкімінің орынбасары Думан Оспанов бұл бастаманың өңір экономикасын әртараптандыруға, агросекторды жаңа технологиялық деңгейге көтеруге зор ықпал ететінін, жергілікті әкімдіктер бұл шешімдерді қолдауға дайын екендігін жеткізді.

Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова аграрлық саланы технологияландыру – ел дамуының стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін айтты.

Еліміздегі ірі агроөнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері: «Qazaq-astyq group» бас директоры Максот Культуркменов, «ZhanAssyl» ЖШС директоры Бағлан Данабеков, «Eurasia AgroSemey» ЖШС өкілі Сағит Исламбек ауыл шаруашылығындағы автоматтандыру үрдісі, смарт-фермерлік жүйелердің болашағы және өндірістегі жасанды интеллект алгоритмдерінің рөлі жөнінде пікірлерімен бөлісті.

Түркістан облысындағы «ZhanAssyl» ЖШС директоры Бағлан Данабеков мақтаның өнімділігін арттыру үшін жасанды интеллектімен жұмыс жасау маңызды дейді. Оның айтуынша, ауа райын алдын-ала болжау, топырақтың құнарлылығын арттыру, оларды зиянкестерден қорғау, дақылға қолданылатын тыңайтқыштардың мөлшерін нақты есептеу үшін жасанды интеллектінің көмегі зор.

«Суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суару технологиясына жасанды интеллект қосатын болсақ, топырақтың ылғалдылығына байланысты қажетті судың мөлшерін білуге болады. Бұл – қазіргі уақытта суды үнемдеудің тиімді шешімдерінің бірі. Еліміз ауыл шаруашылығына арқа сүйеген ел болғандықтан, біз оны дамыту үшін заманауи технологияларды қолдануға дайын болуымыз керек», дейді кәсіпкер.

Солватонға қатысушы командалардың жұмысын бағалаған комиссия төрағасы Жолдас Бөрібаев бұл солватонның еліміздегі алғашқы жобалардың бірі екенін айтты.

«Мұның хакатоннан айырмашылығы – өнеркәсіп саласындағы проблемаларды шешуге лайықты жобаны ұсынып қана қоймай, оны нақты енгізуге жол ашады. Яғни, ауыл шаруашылығы саласындағы компаниялардың күнделікті бетпе-бет келіп отырған кейбір проблемаларын шешудің жолын тауып беретін іс-шара. Жасанды интеллектіні ауыл шаруашылығына батыл түрде енгізіп көруіміз керек. Өйтпесек, бізде тәжірибе қалыптаспайды. Ал AI-бағдарлама арқылы біз агросаладағы мәселелерді шешсек, ол тәжірибені өзге елдерге сатуға да болады», дейді ол.

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Agriculture-2025» республиканың сегіз жоғары оқу орнының командаларын басын қосты. Қатысушылар үш күн бойы нақты міндеттерді шешуге арналған прототиптер жасап, ауыл шаруашылығын болашаққа бастайтын жаңа өнімдер әзірледі. Командалар осы солватонда өз шаруашылығындағы мәселелерді ортаға салған кәсіпорындардың проблемаларын шешуге септігін тигізетін ЖИ бағытындағы жобалар ұсынып, комиссия алдында қорғады.

Сонымен, І орынды Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің командасы ұтып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. ІІ орынды Шәкәрім университеті, Әлихан Бөкейхан университеті және Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің бірлескен командасы еншілесе,(700 мың теңге) ал ІІІ орынға Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің командасы лайық деп танылып, 500 мың теңгені олжалады.

Бұл солватон – аграрлық саладағы нақты мәселелерді шешуге бағытталған жасанды интеллект қолданбаларының мүмкіндігін айқындаған іс-шара болды. Үш күнге жалғасқан ауқымды іс-шара нәтижесінде қатысушы командалар жаңа идеялар ұсынып қана қоймай, олардың өндірісте қолдануға жарамдылығын дәлелдеді. Жеңімпаз деп танылған жобалар серіктес кәсіпорындардың жұмыс үдерістерін оңтайландыруға, шығындарды азайтуға және өнімділікті арттыруға үлес қоспақ.

«AI-Sana Shakarim Solveathon: AI&Agriculture-2025» агротехнология мен жасанды интеллект интеграциясының жаңа кезеңін бастап, еліміздің жас зерттеушілері мен әзірлеушілерін инновациялық шешімдер жасауға жігерлeндірді. Бұл бастама алдағы уақытта агросаланың цифрлық трансформациясына серпін беретін тиімді платформалардың біріне айналады деп сенеміз.

Абай облысы