Шымкент қаласында өңдеу өнеркәсібін дамыту экономиканың негізгі бағыттарының біріне айналған. Соның нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінде алынған өнім көлемі былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 16,5%-ға өскен. Кейінгі үш жылда өнеркәсіп саласында құны 150 млрд теңгені құрайтын 40 жоба іске қосылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Ішкі миграциялық ағын есебінен мегаполисте халық саны өсіп жатқанын ескерсек, жұмыс орындарының көптеп ашылуы – құптарлық іс. Қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына сеп болған жұмыстардың ретін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты баяндады.
Макроэкономикалық көрсеткіштерге тоқталсақ, жыл басынан бергі 10 айда қала экономикасының өсімі 14,8%-ды құраған. Оның ішінде сауда көлемі – 24,6, байланыс – 18,3, өнеркәсіп өнімі – 14,7, құрылыс жұмыстары – 7, инвестиция 4,7%-ға өсіп, 982 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Кез келген қаланың, облыстың негізгі жұмыс ауқымы бүгінде игерілген инвестициялық жобалармен, соның аясында ашылған жұмыс орындарымен бағаланады. Осы тұрғыда Шымкент қаласында жүзеге асқан ауқымды жобалар жетерлік. Айталық, биыл «QazAlpack» компаниясының «Алюминий құтылары» өніміне сұраныс артып, экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты құны 30 млрд теңгені құрайтын жобаның екінші кезеңі іске қосылған. Зауыт жылына 2,2 млрд дана алюминий құтыларын шығарады. Онда 112 тұрақты жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ құны 7,8 млрд теңгеге «Sauran Bricks» компаниясы «Автоклавты газдалған бетон» өндіретін зауыт жобасын іске қосты. Зауыт жылына 300 мың текше метр газдалған бетон өндіреді. Кәсіпорында 100 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Мегаполисте өндірістік аймақтарды дамыту арқылы инвесторлар тарту, тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында жаңадан екі өндірістік аймақ салу, үш аймақты кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған аймақтарда құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба іске асып, ұзын саны 13 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деген болжам бар. Оның ішінде екі индустриялық аймақтың құрылысы аяқталуға жақын.
– Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Оңтүстіктегі барлық тауарды қабылдап, жеткізуге логистика жағынан қолайлы «Өңірлік хаб» құруды тапсырған еді. Осы мақсатта қолданыстағы Сауда-логистикалық орталығын кеңейту жұмыстарын келер жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізіп, бизнес пен саудаға жаңа мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар «Стандарт» жеке индустриялық аймағы іске қосылды. Мұнда өндірістік аймақпен бірге мемлекеттік қолдау ретінде инфрақұрылыммен қамтылған арнайы шағын өндіріс алаңдары да салынды. Президент тапсырмасына сәйкес өңірге инвестиция тарту – стратегиялық міндетіміз. Осы ретте инвесторларға тұрақты түрде қолайлы жағдай жасап, қолдау көрсетіп келеміз. Кейінгі үш жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды, оның 75%-ы – жеке инвесторлар есебінен. Орташа жылдық өсім 11%-ды құрады. Өңір экономикасын тұрақты дамыту мақсатында алдағы бес жылда 6,6 трлн теңге инвестиция тарту жоспарымыз бар, – деді Ғ.Сыздықбеков.
Бүгіннің өзінде шаһарда жалпы құны 4,6 трлн теңге болатын 221 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Соның арқасында 29 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады деген болжам бар. Былтыр «Alsera KZ» түрік компаниясы 650 га жерде елімізде ең үлкен, құны 322 млрд теңгені құрайтын заманауи жылыжай кешені құрылысын бастаған еді. Бүгінде құны 98 млрд теңгені құрайтын бірінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 42 га жылыжайдан алғашқы өнім алынып үлгерді. Сол секілді Польшаның «Fabe Agro» компаниясына құны 68 млрд теңгені құрайтын жоғары технологиялы жылыжай құрылысын салуға 144 га жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған. Мұнда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өнімі алынып, 800-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар түркиялық «YDA Group» компаниясы 313 млрд теңгеге өндірістік технологиялық материалдар өндіруді, отандық «Intertrans» компаниясы 80 млрд теңгеге мұнай өнімдерінен ұнтақталған полипропилен өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр.
Қала әкімдігі өткен айда Астанада ұйымдастырылған инвестициялық форумда қытайлық «Shaanxi Construction Engineering» компаниясымен құны 55 млрд теңгеге тұрмыстық қалдықтарды жағу арқылы қуаттылығы 24 мВт электр энергиясын өндіру жөнінде келісім жасаған. Бүгінде жобаны іске асыру мақсатында әкімдік қоқыс полигоны жанынан 12 га жер телімін бөлген. Бұдан бөлек, мұнай-химия саласын дамыту бағытында 2030 жылға дейін Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуаттылығын 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл жоба Оңтүстіктен бөлек, еліміздің басқа өлкелерін жанармаймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау шаралары халықты жұмыспен қамтып, табысын арттыруға тікелей әсер етеді. Айталық, қалада ашылған өндіріс орындары мен жұмыс істеп тұрған мекемелерге жыл басынан 34 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл жалпы 46 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге азайып, жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ды құрады. Экономиканың өсіміне сәйкес жергілікті бюджет есебінен еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға 11 млрд теңге бағытталды. Осындай жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі орташа жалақы көлемі 10%-ға өсіп, 334 мың теңгені құрады, – деді қала әкімі.
Білім саласына тоқталсақ, Шымкентте үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілген. Президент бастамасымен «Келешек мектептері» Ұлттық жобасы аясында жоспарланған 17 300 орындық 12 мектеп толығымен пайдалануға берілген. Сондай-ақ биыл жергілікті бюджет есебінен 4 145 орындық 8 мектептің құрылысы жүргізіліп, 2 мектеп қолданысқа қосылды. 10 мектеп, 1 балабақша күрделі жөндеуден өтті. Мемлекет басшысының шешімімен қаладағы Президент резиденциясын балаларға арналған сауықтыру лагеріне айналдыру жұмыстары да ойдағыдай іске асып жатыр. Бүгінде нысан білім басқармасының балансына беріліп, жиһаздары, керек-жарағы түгенделе бастаған. Ескеретін тағы бір мәселе, биылдан бастап жекеменшік мектептерді қаржыландыру функциялары әкімдіктерге беріліп, өңірлерде мәселе туындаған болатын. Осыған орай қала әкімдігі жергілікті бюджет шығындарын оңтайландырып, жекеменшік мектептерді қаржыландыруға қосымша 22,5 млрд теңге бөлген.
– Денсаулық сақтау саласында да халыққа сапалы медициналық көмек көрсету бағытында кешенді жұмыстар жүзеге асып жатыр. Кейінгі үш жылда жаңадан 14 медициналық мекеме ашылып, емханалардың орташа жүктемесі 25 мыңнан 21 мыңға азайды. Медициналық ақпараттарды автоматты түрде талдап, қатерлі ісіктерді, өкпе ауруларын, жүрек-қантамыр жүйесі патологияларын ерте анықтайтын «PACS Systems» жасанды интеллект ақпараттық жүйесі енгізілді. Жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету арқылы 1 102 операция жасалды. Оның ішінде 310 кардиохирургия, 33 нейрохирургия, 1 жүрек, 14 бүйрек трансплантациясы жасалды. Сондай-ақ елімізде алғаш рет қалалық онкологиялық ауруханада кеңірдек бифуркациясын резекциялау, жаңа бифуркация қалыптастыру операциясы сәтті жасалды. Бұл да болса саладағы үлкен өзгерістердің бастауы, – деген қала әкімі баяндамасын инфрақұрылым, экология, цифрландыру мәселелерімен жалғап, қорытындылады.
Дәстүрлі сұрақ-жауап барысында біз әкімге тұрғындардың көптен көкейінде жүрген сұрақтарды қойдық. Алдымен Қошқар ата өзенінің аумағы неліктен қоқыстан көз ашпайтынын сұрадық.
– Қошқар ата өзенінің бастауынан Әліби Жангелдин көшесіне дейін абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Одан бері қарай, Интернациональная көшесінен Алпысбаев көшесіне дейінгі 3,5 шақырым аумақты абаттандыру жұмыстары тиянақталып келеді. Жыл соңына дейін толық аяқталады, – деді қала әкімі.
Екінші сұрағымыз қаланы ауызсумен қамтып отырған «Су ресурстары – Маркетинг» серіктестігіне қатысты болды. Осыған дейін қала әкімдігі сотқа талап-арыз жолдап, бірінші отырыс әкімдік пайдасына шешілген-ді. Жекенің иелігіндегі мүлікті әкімдікке қайтару жұмыстары қалай жүріп жатқанын былай түсіндірді.
– Кез келген стратегиялық нысан мемлекеттің меншігінде болуға тиіс. Сол қағидатты ескере отырып, серіктестікті жекешелендіру мәселесін қолға алдық. Бірінші сот инстанциясын жеңдік, қазір апеляциялық инстанция сатысында. Енді соттың шешімін күтеміз. Осындай стратегиялық нысандарды меншікке қайтарған соң сол кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізіп, халыққа барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Бүгінде жоғарыда аталған суға жауапты мекеменің 30% акциясы мемлекетке тиесілі, серіктестіктің қалған үлесін де мемлекетке қайтару жөніндегі жұмыстар тоқтаусыз жүріп жатыр, – деді Ғ.Сыздықбеков.