Компанияның елге салған инвестициясы 2,5 млрд теңгеге жуық.
Алматыдағы "Нобел Алматы фармацевтикалық фабрикасы" АҚ базасында созылмалы бүйрек ауруын, созылмалы жүрек жеткіліксіздігін және 2 типтегі қант диабетін емдеуге арналған инновациялық препаратты жергілікті өндіру жолға қойылды, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.
"Жергілікті өндірістің сәтті үлгісі ретінде "Форсига" атты түпнұсқа препараттың шығарыла бастауы – әлеуметтік мәні бар аурулар: 2 типті қант диабеті, жүрек жеткіліксіздігі және созылмалы бүйрек ауруларын емдеуге арналған маңызды қадам. Бұл маңызды қадам пациенттерді үздіксіз қажетті терапиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", – деді денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.
Созылмалы бүйрек ауруын емдеуге арналған препараттың жергілікті өндірісін іске қосу – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды қадам. Қазіргі таңда бұл ауру еңбекке қабілеттіліктің төмендеуі мен пациенттердің өмір сапасының нашарлауына себеп болатын кең таралған себептердің бірі болып отыр.
Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын – шамамен 2 миллион адам – созылмалы бүйрек ауруымен ауырады және гемодиализге тәуелді болу қаупі жоғары. Дегенмен, ауруды ерте диагностикалау мен заманауи терапия оның дамуын тежеп, бүйрек жеткіліксіздігінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз: AstraZeneca өз өндірісін Қазақстанда дамытады

"Бұл санаттағы препараттар 2018 жылдан бастап амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету жүйесіне енгізіліп, пациенттерге тегін беріле бастады. Қазіргі уақытта амбулаториялық ем қабылдайтын пациенттердің шамамен төрттен бірі осындай препараттарды пайдаланады. Қазақстанда осы топтағы үш препарат тіркелген, енді солардың бір молекуласы елімізде өндіріледі. Бұл қант диабетінің асқынуларымен күресте және тиімді ем жүргізуде қосымша мүмкіндік береді деп сенемін", – деді ҚР бас штаттан тыс эндокринологы, медицина ғылымдарының кандидаты Лаура Даньярова.
"АстраЗенека" компаниясы бұл жобаға 5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салды, ал 2030 жылға дейін инвестиция көлемі 40 млн долларға жетеді деген болжам бар.
"Біз өндірісті жергіліктендіру, ғылыми прогреске жол ашу және фармацевтикалық саланы экономиканың ғылымға негізделген маңызды секторларының біріне айналдыру бағытындағы жұмысымызды жалғастырамыз", – деді "АстраЗенека" компаниясының халықаралық нарықтар бойынша "Биофарма" бағытының вице-президенті Нитин Капур.