Әр жылу орталығы бойынша жеке жоспар бекітілген.


Премьер-министр Олжас Бектенов елдегі 5 жылу орталығы "қызыл" аймақта тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Жылу электр орталығының бесеуі "қызыл" аймақта қалып отыр. Ол бойынша қандай жұмыс атқарылып жатыр?", – деп сұрады Премьер-министр Олжас Бектенов.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мұндай мәселе бар екенін мойындады.

Олар:

  • Маңғыстау облысындағы "МАЭК" ЖШС ЖЭО-2;
  • Абай облысындағы "Теплокоммунэнерго" МКК ЖЭО-1;
  • Батыс Қазақстан облысындағы "Жайықжылуқуат" АҚ Орал ЖЭО;
  • Қызылорда облысындағы "Қызылордажылуэлектрорталығы" МКК ЖЭО;
  • Жамбыл облысындағы "Таразэнергияорталығы" АҚ ЖЭО.

"Бізде әр жылу орталығы бойынша тиісті жоспар бар. Әкімдіктермен бірігіп, осы құжатты бекіттік. Қадағалау комитеті апта сайын осы жылу орталықтарындағы кесте бойынша жөндеу жұмыстарын тексеруде. Қаржыландыру мәселесін де шештік. 5 ЖЭО-ның қаржыландыруы 40 пайызға өсті", – деді ведомство өкілі.

Оның айтуынша, осы жылдың аяғына шейін аталған ЖЭО-ларды "қызыл" аймақтан шығару жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда рейтинг төрт көрсеткішке негізделіп жасалынған.

"9 көрсеткіш бойынша жаңа рейтинг жасау жоспарлануда. Жақсы деңгейге биыл жылдың аяғына шейін шығуды көздеп отырмыз", – деп атап өтті вице-министр.