Өлім қаупі жоғары Андес штамындағы хантавирусқа қарсы вакцина жоқ. Себебі оны жұқтыру жағдайлары сирек тіркеледі, сондықтан мұндай вакцинаны әзірлеу әзірге тиімді саналмаған. Бұл туралы РИА Новости агенттігіне медицина ғылымдарының докторы Татьяна Сатаева айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Андес штамындағы хантавирусқа қарсы вакцина жоқ. Себебі жұқтыру жағдайы сирек кездеседі, сондықтан мұндай вакцинаны әзірлеу әзірге қажет деп саналмаған. Дегенмен вирус кең тарала бастаса, оны жедел жасап шығаратынына сенімдімін", — деп атап өтті ол.
Маманның пікірінше, хантавирус пандемиясының қаупі жоқ, бірақ қажет болған жағдайда әлемде бұл бағытта қосымша зерттеулер жүргізіліп, қорғаныс шаралары қабылданатын болады.
"Круиз лайнерінде болған жағдайларға бола дүрбелең туғызудың қажеті жоқ. Олар адамдардың инфекция жұқтырған жануарлармен тікелей байланыста болғаннан туындаған", — деді дәрігер.
Профессор Массимо Чиккоццидің айтуынша, хантавирусты жұқтырған алғашқы кезеңде оны тұмаумен шатастырып алу оңай. Себебі белгілері ұқсас: дене қызуы көтеріледі, бұлшықет ауырады, жөтел пайда болуы мүмкін, кейде құсу да байқалады.
"Бұл алғашқы 3-5 күнде немесе тіпті бір апта ішінде байқалады, бірақ кейін белгілері асқынып, өкпе мен бүйрек зақымдана бастауы мүмкін", — деді дәрігер.
Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған нидерландық MV Hondius круиз лайнерінде аса қауіпті хантавирус өршіді. Үш адам көз жұмды. 12 мамырда ДДСҰ хантавирустан туындаған 11 ауру жағдайы анықталғанын хабарлады, оның тоғызында Андес вирусын жұқтыру дерегі расталды.
Хантавирус — кеміргіштермен жанасу арқылы адамға берілетін вирустар тобы. Хантавирустар бүйрек синдромы бар геморрагиялық қызба мен хантавирус өкпе синдромын тудыруы мүмкін.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!