Мәселе 6 өңірге қатысты болып отыр.
Кейбір өңірлерде әуежайлар маңындағы қоқыс полигондары ұшақтардың құстармен соқтығысу қаупін арттырып отыр. Бұл туралы Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Атырау, Семей, Өскемен, Көкшетау, Балқаш және Үржар әуежайларының маңындағы қоқыс полигондары ұшақтардың құстармен соқтығысу қаупін арттырып отыр. Бұл жағдай әуе компанияларының жұмысына эксплуатациялық шектеулер әкеледі. 2025 жылы ұшақтардың құстармен соқтығысуына қатысты 280 оқиға тіркелсе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында осындай 33 жағдай болған", – деді Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің басшысы Майкл Дэниел.
Келесі өзекті мәселе – әуежай аумақтарында кедергілердің көбеюі және жер телімдерінің мақсатсыз пайдаланылуы.
"Мәселен, Алматы әуежайының маңынан шамамен 160 кедергі анықталса, Шымкент әуежайы аумағында 150-ден астам кедергі тіркелген. Осы мәселелерді шешу үшін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі әуежай маңындағы аумақтарды аймақтарға бөлу схемаларын әзірлеп, әкімдіктерге жолдаған. Десек те, көп жағдайда бұл схемалар елді мекендердің бас жоспарларына әлі енбеген. Салдарынан әуежай маңында жаңа нысандар мен кедергілердің пайда болуы жалғасып жатыр", – деп атап өтті спикер.
Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдармен өзара жұмысты күшейту қажет екені айтылды.
Айта кету керек, бұған дейін Алатау аспанында ұшқышсыз әуе таксиі сынақтан өтіп жатқанын жазғанбыз.