Видео желіде тарады.
Көкшетауда тротуарда кетіп бара жатқан ана мен баланы көлік қағып кетті. Полиция оқиғаға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқиғаның видеосы желіде тарады. Кадрлардан көліктің тротуарға шығып кетіп, әйел мен кәмелетке толмаған баланы қағып кеткенін байқауға болады.
Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсінік берді.
"Жол-көлік оқиғасы осы жылдың 19 мамырында тіркелді. Оқиға орнына патрульдік полиция экипажының шығуы дереу жүзеге асырылды. Оқиға кезінде бала анасымен бірге тротуарда болғаны анықталды. Соқтығу нәтижесінде кәмелетке толмаған бала жеңіл жарақат алып, медицина қызметкерлерінің қарауынан кейін үйіне жіберілді. Баланың ата-анасы жүргізушіге қатысты шағымнан бас тартты", – делінген редакция тілшісінің сауалына берілген жауапта.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша материал жинап, жүргізуші қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.