Мал бағып жүрген ұлын іздеп шыққан әйел бағытынан жаңылып, үйіне қайта оралмаған.
20 мамырда Теректі ауданының Сатым ауылы маңындағы далада орын алған оқиға жергілікті тұрғын үшін нағыз сынаққа айналды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне ер адам анасының жоғалып кеткенін хабарлап, көмек сұраған. Осыдан кейін іздестіру шаралары шұғыл түрде ұйымдастырылды.
Іздеу жұмыстарына Теректі аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мен ТЖД бөлімшелері жұмылдырылды. Түнгі уақыт, кең дала аумағы және бағдардың болмауы іздеу жұмыстарын едәуір қиындатты. Соған қарамастан, аумақты тексеру таң атқанға дейін үздіксіз жалғасты.
21 мамыр күні таңертең жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер әйелді даладан тапты. Ол аман-есен үйіне жеткізілді, медициналық көмек қажет болмады.
Жоғалған әйел мен оның жақындары полиция қызметкерлеріне жедел әрі нәтижелі әрекеті, табандылығы және бейжай қарамағаны үшін алғыс білдірді.