Астана қалалық полиция департаменті жағдайға қатысты пікір білдірді.


Астанада сөйлеу және психикалық дамуында тежелісі бар мектеп оқушысының анасы әлеуметтік желідегі парақшасында ұлын сабақтан кейін қатарластары соққыға жыққанын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, шабуыл сабақ аяқталып, жасөспірім сыныптан шыққан кезде болған.

Әйелдің айтуынша, ұлын "сегіз бала күтіп тұрған". Анасының сөзінше, олардың бірі жасөспірімге артынан шабуыл жасап, қылғындырып, ұра бастаған. Қалғандары болса жанында тұрып күліп, болған жағдайды телефонға түсіріп, басқа балалардың араласуына мүмкіндік бермеген.

"Буллинг – тек ұратын адам ғана емес. Бұл – үндемей тұрғандар, айдап салатындар, видеоға түсіретіндер және топ болып баланы қорлап жатқанын бақылап тұрғандар", – деп жазды ол.

Астана қалалық полиция департаменті жағдайға қатысты пікір білдірді.

Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полицияға жеткізілді. Олар профилактикалық есепке қойылды. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен заңды өкілдердің қатысуымен құқықбұзушылықтың алдын алу кеңесі өткізілді. Кеңес барысында мұндай жағдайларға жол бермеу, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын бақылауды күшейту, ата-аналардың бала тәрбиесіне жауапкершілігін арттыру және оқушылар мен олардың заңды өкілдері арасында профилактикалық жұмыстарды жандандыру шаралары қаралды", – делінген хабарламада.