Атырау облысы Индер ауданында Жайық пен Ойыл өзендерінің бойында браконьерлікке қарсы күрес күшейтілді, деп хабарлайды 24kz.
«Бекіре-2025» табиғатты қорғау акциясы аясында Индер балық шаруашылығы инспекциясының қызметкерлері заңсыз қойылған 150 метрге жуық ау-құралын судан алып тастады. 20-дан астам әкімшілік құқық бұзушылық дерегі тіркелді. Инспекция мамандары Жайық өзені бойынша 143 шақырымды, ал Ойыл өзені бойымен 200 шақырымнан астам су айдынын тұрақты бақылауда. Басты мақсат – көктемгі тасқын кезіндегі су жайылатын тоғандарда балықтардың қырылуына жол бермеу. Атырау облысы бойынша тіркелген 21 су тоғанының жағдайы ерекше назарда.
Азамат Әбиғалиев, Индер балық инспекциясының бас маманы:
- Соның 16-сына қазіргі таңда су кірді. Қазіргі таңда балық өлетін қауіп жоқ. Судың көлемі өз мөлшерін ұстап тұр. Деңгейінде. Сонымен қатар осы Индер ауданынан бөлек Қызылқоға ауданы аумағындағы Ойыл өзеніндегі су тоғандарын да бақылаудамыз. Рейдтік шаралар күнара жүргізілуде.