Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы Нұржол бульварының Мәңгілік Ел даңғылынан Түркістан көшесіне дейінгі аралығына орташа жөндеу жүргізеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Елорда әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, осыған байланысты 7-11 маусым аралығында алдымен Мәңгілік Ел даңғылынан Түркістан көшесіне дейін, содан кейін Түркістан көшесінен Мәңгілік Ел даңғылына дейінгі аралықта қозғалыс кезең-кезеңімен жабылатын болады. Учаскелердегі қозғалыс толығымен жабылады.
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлап, қозғалысты ұйымдастыруда мүмкін болатын өзгерістерді ескеруі қажет.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықтарды азайту мақсатында уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.