Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Amanat» партиясының белсенді жастары плордада патриоттық акция өткізді, деп хабарлайды 24kz.
Шара аясында олар Астанадағы Нұржол бульварында үш мыңнан астам рубик текшелерінен мемлекеттік Елтаңба бейнесін жасап шығарды. Көлемі 4x3 метрлік панноны құрастыруға олар үзіліссіз 10 сағат уақытын жұмсаған. Әр текше алдын ала тексеріліп, түс алгоритміне сәйкес таңдалыпты. Бастаманы партия жастары Kazakhstan Speedcubing Federation ұйымымен бірлесіп жүзеге асырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл олардың алғашқы тәжірибесі емес. Бұған дейін де көзтартар тың туындылар құрастырған.
Ақерке Искандерова, «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы:
- Мемлекеттік рәміздер күніне орай Speedcubing ассоциациясымен бірлесіп, 3000 кубик-рубиктан біздің Елтаңбаның бейнесін жинау бойынша акция жүргізіп жатырмыз. Біздің дарынды балалар 7-8 сағаттың ішінде 3 мың кубик-рубиктан Елтаңбаның бейнесін жинайды. Осы бульварға келіп жинап жатқанқандағы мақсатымыз – жалпы біздің халық арасында Мемлекеттік рәміздерімізді ұлықтау, дәріптеу.