Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да ортақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Президент Мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысты. Салтанатты шара аясында жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне лейтенант шенін тапсырды.

Көк тудың қасиеті сол – жансыз болса да, рухыңды жаниды. Көкте желбірегенде көңілің елжірейді. Өйткені байрақ – халықтың бары. Бабалар «Туың жығылмасын», деп бекер айтпады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш.

Ту, Елтаңба, Әнұран – егемендік пен елдіктің басты белгісі. Президент мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, қастерлі нышандарды ұлықтаудың маңызын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі

Қазақ байрағын тұғырынан түсірмеу үшін аз азап шекпедік. Бірақ сол жолдағы аманат орындалды. Қазір көк ту Біріккен ұлттар ұйымының төрінде тұр. Ғарышкерлер көк жүзіне көтерді. Альпинистер әлемнің ең биік шыңдарына орнатты. Спортшылар биік додаларда желбіретті. Сондай-ақ Президент биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 30 жыл толатынын еске салды. Қоғам арқа сүйейтін басты қағида болса, ол – Конституция.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақта: «Туы бірдің – түбі бір, жолы бірдің – жүгі бір» деген сөз бар. Еліміздегі түрлі этнос өкілдері көк байрақтың астында тұтасып, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің мүддеміз де, жолымыз да, мұратымыз да – ортақ. Бұл – Әділетті, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру. Осы береке-бірлігімізді сақтап, нығайта берсек, кез келген биікті бағындырамыз.

Елдегі ең биік байрақтың түбінде қалыптасқан игі дәстүр бар. Жылда жас сарбаздарға әскери шен табысталады. Президент жоғары әскери оқу орындарының 14 үздік түлегіне офицерлік шен тапсырды. Олар енді лейтенант.

Тоғжан Аманғалиева, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының түлегі:

- Сіз елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс екенін үнемі айтып келесіз. Біз жас офицерлер осы бастамаңызды жүзеге асыруда үнемі күш-жігерімізді жұмсай береміз.

Дінмұхаммед Алдоңғаров, ҚР ТЖМ Мәлік ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының түлегі:

- Бұл Сіздің және халқымыздың бізге артқан үлкен сенімі деп білемін. Мен әріптестерімнің алдында үлгі болуға, бар күш-жігерімді елдің игілігіне төтенше жағдай саласында адал еңбек етуге жұмсаймын.

Ресми рәсімнен кейін концерт өтті. Оны Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестері өткізді.

Авторы: Нысаналы Ығыл