Ақтауда Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында 100-ге жуық мәдени-спорттық және патриоттық шара өтті. Рәміздерді ұлықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастар арасында отансүйгіштік сезімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараларға қала тұрғындары атсалысты.
Мемлекеттік рәміздер — елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің айғағы. Ту, Елтаңба, Әнұран -халқымыздың тарихын, мәдениеті мен болашағын бейнелейтін қасиетті нышандар. Осыған орай Ақтауда орталық алаңда Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті.
Пәния Сармурзина, Маңғыстау облыстық мәслихатының әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы:
Бейбіт елде тәуелсіздігіміздің символы ретінде жарқыраған көк Туымыз әр шаңырақта, Елтаңбамыз және егемен еліміздің мәртебесін көтеретін Әнұранымыз — бұл қазақ үшін мақтаныш. Тек қана мақтаныш емес – жауапкершілік. Сол жауапкершілікті келер ұрпаққа жеткізу осы күнгі біздің замандастарымыздың үлесіне тиген. Еліміздің амандығын, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуын тілеймін.
Салтанатты шара аясында мемлекеттік қызметке жаңадан келген жас мамандар ант қабылдады. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында мың жарымға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Олардың қатары жыл сайын жас мамандармен толығуда.
Тоқтамыс Жұмағұлов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы:
Ант деген әр мемлекеттік қызметшінің қызметте елімізге, мемлекетімізге адал қызмет ететінін көрсетеді. Сондықтан олар осы антты сезіне отырып, адал қызмет етуге тиіс. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтерінде еліне, жеріне қызмет атқаруда. Сондықтан да біз осы жас мамандарға үлкен сенім білдіреміз.
Сонымен қатар Ақтауда жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру мақсатында «Еңбек — ырыстың қазығы» атты патриоттық форум өтті. Оған қоса тұрғын үйлерге 100 Мемлекеттік Ту ілініп, жастардың қатысуымен флешмоб ұйымдастырылды.
Аягөз Оралбайқызы