«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының құрылғанына биыл 25 жыл. Ширек ғасырда оның аумағы 55%-ға ұлғайып, 129 мың гектардан асқан. Басым бөлігін орманды алқап құрайды. Биылдың өзінде ұлттық саябақ аумағында 850 мыңнан аса ағаш көшеттері отырғызылды. Орманшылардың жазғы маусымдағы жұмысы туралы алдағы бейнематериалда.
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Жаз мезгілі орманшылар үшін жұмыстың нағыз қыза түсетін мерзімі. Дәл қазір олар орман ішіндегі қурап кеткен, желмен сындырылған және түрлі ауруға шалдыққан ағаштарды таңбалауды жүзеге асыруда. Биыл іріктеу жүргізілсе, есебін бергеннен кейін келесі жылы бірақ кесуге рұқсат беріледі.
Орманшылар үшін әр ағаштың сұрауы бар. Сондықтан тұтас орманды түрлі зиянкестерден, биологиялық аурулардан және браконьерлерден қорғау үшін күн-түн демей еңбек етеді.
Берік Омаров, орманды қорғау инженері:
2025 жылы сегіз мыңдай жерде орман ағаштарына лесопатологиялық зерттеу жүргіздік. Зиянкестер, ағаш ауруларын зерттейміз. Биологиялық зерттеу жүргіземіз. Мысалы, мынау қарағай ауру емес, сау ағаш. Ауру ағаштарды кесуге тура келеді.
Үш жыл бұрын «Бурабай» ұлттық саябағы ЮНЕСКО-ның қамқорлығына алынды. Бұл мәртебе табиғи саябақтың бірегейлігін көрсетеді. 25 жылда ұлттық саябақтың орман алқабы 6 пайызға ұлғайып, мың жарым гектар аумаққа 10 миллионнан астам ағаш отырғызылды. Негізінен қарағайлар егіледі. Биылдың өзінде 40 гектар жерге 320 мың түп қарағай отырғызылған.
Қайырбай Балтабаев, орманшы:
Осы ұлттық парк жерінде соңғы 5 жылда өртті ерте анықтау жүйесі, яғни 13 камера қойылған Заманға сай цифрландыру уақыты болған соң бізге дрондар сатып алынды. Браконьерлі азая бастады, заңбұзушылықтар, заңсыз ағаш кесудің азаю себебі, ол мынау камерелар ғой.
Ұлттық саябақ ландшафының ғажайып табиғаты флорамен қатар фаунаға да бай. Мұнда жабайы жануарлардың 15-тен аса түрі мекендейді. Сонымен қатар аскания бұғысы, сібір елігі, қабан және басқа да сүтқоректілердің саны 5 есеге артқан.
Бибінұр Әмірханқызы