ШҚО-ға қарасты Ұлан ауданында туризм саласы қарқынды дамып келеді. Соңғы үш жыл ішінде мұнда 2,7 млрд теңгенің жобасы жүзеге асырылып жатыр. Саладағы даму рекреациялық аймақтарды дамыту жоспары аясында жүргізілуде және ол табиғи-мәдени нысандарды қамтиды, деп жазады Egemen.kz.

– Биыл Шыбындыкөлдің жағасында жаңа демалыс базасының құрылысы басталады. Инвестор – «QaiMak Resort» ЖШС. Инвестиция көлемі – 250 млн теңге. Сонымен қатар, Тарғын ауылында кафе мен санитарлық аймағы бар жол бойындағы кешен ашылады. Бұл аудан бойынша туристік бағыттардың тартымдылығын арттырады, – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Лязиза Кенжетаева.

Дұбығалы, Айыр және Шыбындыкөл маңын абаттандыру қолға алынып, «Багратион» пантамен емдеу шипажайын 40 төсек-орынға кеңейтуге көңіл бөлінді. Тарихи-мәдени нысандар Аблайкит, Ақбауыр археологиялық кешендері мен Бозанбай ауылындағы Бүркіттөбе алаңын дамытуға ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, 7 экскурсиялық маршрут әзірленген. Олардың қатарында «Медведка – Тоғанас – Бестерек» экологиялық соқпағы бар. Бұл жерде туристердің ыңғайлылығы үшін киіз үйлер, фотозоналар мен баспалдақ орнату жоспарланған. Ауыл туризміне де ерекше мән беріле бастады. Қонақтарға дәстүрлі үйлерде тынығып, өңір мәдениетімен жақынырақ танысу ұсынылады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Ұлан ауданына 13,8 мың турист келген. Орналастырудан түскен кіріс 261,6 млн теңгені құрады. Ауданның имиджі халықаралық деңгейдегі іс-шаралардың, соның ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен бүркітшілер жиналатын «Шығыс салбурыны» фестивалінің арқасында нығайып келеді.

Шығыс Қазақстан облысы