Премьер-министр Олжас Бектенов Ұлытауға жасаған жұмыс сапары барысында Президенттің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді. Бұл ретте «Жезқазған жылу электр орталығын» жаңғырту бойынша жоба жұмысымен танысты.
Тозу деңгейі шегіне жеткен нысан былтыр Президент тапсырмасынан кейін «қызыл аймақтан» шығарылған болатын. Өйткені 2 жыл бұрын қазандық пен турбиналық цехтар күрделі жөнделді. Нәтижесінде жабдықтардың тозуы төмендеп, қала халқы қуат көзімен және жылумен жеткілікті қамтылған. Бүгінде нысан 175 МВт электр энергиясы мен сағатына 363 Гкал жылу беріп тұр. Жалпы, Жезқазғандағы жөндеу жұмыстары тарифтердің кезең-кезеңімен өсуінің арқасында да жүзеге асып жатыр.
Темірлан Өтегенов, «Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры:
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңғырту жобасының ауқымы артты. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында күрделу жөндеу жүргізуге мүмкіндік берілді. Бүгінде тарифтер өзін-өзі ақтап отыр. Станциямызда шығынға батыратын тарифтер жоқ. Ал биыл қызметкерлердің жалақысы 10-15%-ға өсті. Келер жылы Жезқазған учаскесінде кадр тұрақсыздығын азайту мақсатында жас отбасылар үшін 80 пәтерлі тұрғын үй саламыз.
Үкімет басшысы Жезқазғанның су тазарту нысандарының да жаңғырту жұмысын көрді. Қазір қалада кері осмосты мембраналық технологияны енгізу жобасы қолға алынған. Бүгінде өнімділігі тәулігіне 66 мың текше метр болатын қондырғының екінші кезеңі бітуге жақын. Кешен келер жылдың соңында толық аяқталмақ. Жоба жүзеге асқанда тұрғындар тұрақты сапалы сумен қамтылады. Сондай-ақ бұл тазарту нысандарының тозуын 90%-дан 37%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Данияр Әлімқұл