Жамбыл облысында ауыл тұрғындары жаңа мектеп салып беруді сұрап отыр, деп хабарлайды 24kz.

Себебі Үшарал ауылдық округінде 60 жыл бұрын пайдалануға берілген білім ошағы әбден тозған. Мектепте спорт залы мен акт залы мүлде жоқ. Кабинет жетіспегендіктен мектеп ұжымы жапсарлас ғимарат салуға кірісіп кеткен.

Мерей Бает, тілші:

- Үшарал ауылдық округіндегі Абай атындағы негізгі мектеп 1962 жылы сылынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті. Қабырғалары жарылып, шіріген едені қырық жамауға айналған. Ал ағаш терезелерінің қашан ауыстырылғаны белгісіз.

Мұхит Тұрмағамбетов, ауыл тұрғыны:

- Мына шифердан су ағып, балкалары майысқан. Қазір қисық балкалары. Кейбір жерлері түсейін деп тұр. Содан мына шиферді салып берген. Одан басқа қазір ешқандай не жоқ. Әйнектерінің бәрі ауысқан жоқ. Едендері сықырлайды, шіріген бәрі. Сол мен оқып жатқан кезде осындай мектеп еді, қазір менің балам бітірді бұл жерді, қазір немерелерім де оқиды осы жерде.

Ағарту ошағында спорт залы мен акт залы жоқ. Мәдени іс-шаралар мектеп дәлізінде өтсе, дене шынықтыру пәні босаған кабинетте болады. Ал қыстыгүні ғимаратты пеш жағып көмірмен жылытады.

Қалбай Қадырбаев, ауыл тұрғыны:

- Қала мектебінің қасындағы қойма сияқты. Қоймада ауыл балалары оқып жатыр дегендей ғой. Жаңа терезелерін өздеріңіз көрдіңіздер, қай жылы салынған ағаш терезе екенін бір құдай біледі. Осындағы ауыл тұрғындарына мың алғыс. Сол кісілер еңбектеніп, құлаған жерін сылап, керекті жерін жамап, сөйтіп балаларды оқытып жатыр.

Мерей Бает, тілші:

- Мектепте еңбек пәнінің кабинеті мүлде жоқ. Күте-күте күпті болған мектеп ұжымы биыл жазда ауылдан жылу жинап мына жапсарлас ғимараттың құрылысын өздері бастап кеткен.

Білім берудегі жаңа талап бойынша ер балалар мен қыздар еңбек пәнінде бөлек оқытылуы тиіс. «Сондықтан «Жомарт түлек» жобасы аясында демеушілер есебінен екі кабинеттің құрылысы басталды», — дейді білім бөлімінің басшысы. Оған қоса, ескі мектептің есіктерін жаңартып, бірнеше кабинетті компьютерлермен жабдықтап берген. «Бірақ ауылда жақын аралықта жаңа мектеп салынбайды», — дейді жауаптылар.

Мақсат Арапұлы, Талас аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Жаңа мектептеріміз салынатын болады. Қазіргі таңда бірінші жаңа мектебіміз соғылып жатыр. 2026 жылы бітеді. Осы кезең кезеңімен ескі мектептердің барлығын негізгі мектептердің барлығын жаңарту жоспарлануда. 2028-2029 жылдары бұл мектептердің барлығын жаңғырту біздің жоспарымызда бар.

Жалпы Талас ауданында 1960-1970 жылдары салынған 6 мектеп қайта жаңғыртуды қажет етіп тұр. Жауаптылардың мәліметінше, олардың орнына алдағы 5 жылда жаңа білім ордасы салынады. Жалпы 2027 жылға дейін аймақта 66 мектепті жаңарту жоспары бекітілген.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә