Бірікен Араб Әмірліктерінде қазақ мәдени орталығы ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Бас консулдық және кәсіпкерлердің тікелей қолдауымен құрылған ұйым сырт елдегі отандастарды біріктіріп, ұлттық құндылықтарды кең насихаттауды мақсат тұтып отыр.

Ресми мәлімет бойынша әмірліктерде Қазақстанның 12 мыңға жуық азаматы тұрады. Көбі араб жерінде іскерлік мақсатта жүр. Олар мемлекеттік мерекелерде жиі бас қосып, түрлі бастамаларды жүзеге асырып келеді. Енді бұл іс тың қарқын алмақ. Жоба жетекшілері қазақы ортаға арналған семинар-тренинг, шеберлік сабағы және бизнес кездесулерді тұрақты негізде ұйымдастыруға ниетті. Әрі еліміз үшін маңызды даталарда бұқаралық іс-шаралар өткізіп, қазақы салт-дәстүрлерді таныту да жоспарда бар.

Алмаз Тасболат, Қазақстанның Дубайдағы Бас консулы:

- Бас консулдық және бірқатар қазақстандық кәсіпкер, демеушілер атсалысып, осы орталықтың ашылуына себепкер болды. Жалпы біз болашақта осы орталықта көптеген мәдени іс-шара өткіземіз деп ойлаймын.

Әлібек Алмабеков, Қазақстан-БАӘ іскерлік кеңесінің тең төрағасы:

- Негізінде осындай орталықтар Қазақстан мен БАӘ арасындағы мәдени-гуманитарлық, достық және ынтымақтастық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ осы орталық арқылы елімізге көптеген турист тартуға ықпал етеді деп сенеміз.

Орталықта алдағы уақытта ағартушылық бағытта бірқатар курс ашылуы мүмкін. Келушілер тарапынан сұраныс болса, мұнда қазақ тілі мен тарихын оқыту ісі қолға алынады. Ол үшін бірнеше оқу бөлмесі және интерактивті құрылғылар бар. Бастама елдер арасындағы достық байланысты нығайтуға бағытталған.

Қуат Бапанов, БАӘ-дегі қазақ мәдени орталығының менеджері:

- Біздің орталықтың мақсаты – Араб Әмірліктеріндегі қазақстандықтардың басын қосу. Осы жолда көптеген іс-шараларды өткізуді жоспарлап отырмыз. Жан-жаққа қарасаңыздар, әр кабинетке Қазақстан қалаларының атауы берілген. Елге деген сағынышымызды солай баспақшымыз және артымызда тұрған шаңырақ бір шаңырақ астына қаншама ұлттың бірігуі деген мағынаны білдіреді.