Алдағы уақытта Қазақстан мен Қытай арасында тауар айналымы мен транзиттік әлеует одан әрі ұлғайып, екі бағыт бойынша кезек те едәуір қысқарады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

23 мамырда "Нұр Жолы" (ҚР) – "Қорғас" (ҚХР) өткізу пункттерінде Қазақстан мен Қытай делегацияларының бірлескен жұмыс сапары өтті. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев, ал қытайлық делегацияны ҚХР Бас кеден басқармасының министрі Сунь Мэйцзюнь басқарды.

Бұл сапар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру және Қытай бағыты бойынша шамадан тыс кезекті шешу үшін ұйымдастырылған. 21–22 мамырда Орталық Азия және Қытай кеден қызметтері басшыларының кездесуінде ортақ инспекция жүргізу туралы келісім жасалған.

Сапар барысында делегация басшылары екі елдің өткізу пункттері, яғни "Нұр Жолы" және "Қорғас" бекеттерінің инфрақұрылымымен танысып, шекараның екі жағындағы нысандарды аралады.

Инспекция қорытындысы бойынша мынадай нақты шешімдер қабылданып, уағдаластықтар жасалды:

  • "Нұр Жолы" – "Қорғас" өткізу пункттерінің тәулік бойы жұмыс істеу режимін 2026 жылғы 30 маусымға дейін ұзарту;
  • Қытай тарапының Қазақстаннан келетін көлік құралдарын қабылдау көлемін ұлғайту:
  • "Нұр Жолы" өткізу пункті арқылы қазір тәулігіне 650 АТС қабылданады, 1 шілдеден бастап бұл көрсеткіш 750 АТС болады, ал қыркүйекте 1000 АТС-ке дейін көбейеді;
  • "Қалжат" өткізу пункті арқылы тәулігіне 130 АТС-тен 250 АТС-ке дейін артты, маусымда 300 АТС-ке дейін ұлғайтылады;
  • 2025 жылғы мамырдың соңына дейін Қытай тарапының "Дулаты" өткізу пунктінде қосымша мобильді инспекциялық-байқау кешенін (МИДК) іске қосу;
  • 2025 жылғы қыркүйектің соңына дейін "Қорғас" өткізу пунктінде тұрақты инспекциялық-байқау кешенін орнату;
  • Инспекциялық-байқау кешендерінің рентген кескіндерін өзара тану жөнінде келісімге қол жеткізілді, бұл қайталап тексеру уақытын қысқартып, шекарадан өту үдерісін жеделдетеді;
  • "Қорғас" ХШСО арқылы тасымал ағынын оңтайлы бөлу жоспарланып отыр, бұл "Нұр Жолы" өткізу пунктіндегі жүктемені азайтуға және тасымал қозғалысын теңгерімді бөлуге мүмкіндік береді;
  • "Нұр Жолы" – "Қорғас" өткізу пункттерінде қозғалыс жолақтары мен шекаралық көпірді кеңейту мәселесі екі тараппен бірлесіп қаралып жатыр;
  • Шекара маңындағы кеден қызметтері деңгейінде ай сайынғы отырыстар және Қазақстан-Қытай кеден органдарының үйлестірушілерінің тоқсан сайынғы кездесулерін өткізу келісілді.

Сапар қорытындысында делегация басшылары қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызын атап өтіп, бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін растады.

Министр Сунь Мэйцзюнь "Нұр Жолы" өткізу пунктінің инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен Қазақстанның электрон кезек жүйесін жоғары бағалап, оның тасымал үдерісінің ыңғайлылығы мен тиімділігін арттырудағы рөлін атап өтті.

Суреттер: Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Қазақстан мен Қытай үнемі өзара іс-қимыл жүргізіп келеді. Бірлескен шаралар нәтижесінде Қытаймен шекарадағы өткізу қабілеті 2023 жылы 202 мыңнан 429 мың АТС-ке дейін (112%), 2024 жылы 429 мыңнан 734 мың АТС-ке дейін (71%) артты. 2025 жылдың алғашқы 4 айында 238,5 мың АТС қозғалысы тіркеліп, 41%-ға өсім көрсетті.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget