Ақтауда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты шығармашылық кеші өтті. Мәдени шараға келген көрермен заманауи музыкалық туындылармен үндестік тапқан дәстүрлі күйлерді тыңдады. Күйшінің авторлық шығармалары мен поэтикалық композициялары орындалды. Секен Тұрысбеков, Роза Айдарбаева сияқты қазақы өнер саңлақтары мен Қырғызстаннан арнайы келген өнерпаздар күй шертіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Нұрғиса Дәуешовтің Астанадан бастау алған күй кеші өзге өңірлерде жалғасады.
Нұрғиса Дәуешов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, күйші:
- Қасиетті, киелі мекеннен бастау, халықтың ақ батасын алу менің басты парызым болатын. Бүгін соған қол жеткізіп жатқаныма өте қуаныштымын. Бүгінгі концертімді ойналған шығармалардың өзі осы Маңғыстау топырағынан бастап қазақтың ұлы даласындағы барша композиторларды қамтуға тырыстық. Оның ішіндегі басты мақсат – жастарға ұлттық төл өнерімізді насихаттау.
Алқажан Еділхан, қала тұрғыны:
- Атына лайық өзі де. Ырым қылып қойған шығар үлкендер. Өте жақсы қырынан көрінді. Мектебі де сол батыстың күйшілік мектебі ғой. Орындаушылық шеберлігі бөлек, қағыстарында. Бүгінгі балалардың еңбегі біздің көңілімізден шықты. Нұрғисаға кең құлашты шығармашылық ғұмыр тілейміз.