Елде ұлттық биометриялық деректер базасы құрылады, деп хабарлайды 24KZ. Енді азаматтардың дербес мәліметі жеке компаниялардың жәшігінде жатпайды. Яғни банк бар, басқасы бар, бізге қатыстының барлығын өңдеп, сұрыптап және сақтауға құқы болмайды. Ондай міндетті мемлекет өз мойнына алады. Осылайша тұтынушының түр-сипатын тану үшін жеке секторға салыстыру құзыреті ғана берілмек.
Электронды цифрлық қолтаңба қолданыстан шығуы мүмкін. Себебі сенім сетінеді. Алаяқтардың айла-шарғысына шырмалғандардан шағым көп. Сонда цифрланған заманда сиқырдан қалай аман қаламыз? Бір жолы бар. Бұл биометрия. Бірақ жүйені жетілдірмей, қулардың қитұрқылығын тоқтату тағы мүмкін емес.
Мұрат Әбенов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жуырда бір адам ірі банкке шағымын айтып, маған хабарласты. Ал банк оның видеосы бар деп сендірді. Сосын біз Ұлттық Банкке барып, ақпаратқа сұрау салдық. Ұлттық Банк арқылы өтпеген болып шықты. Сонда қалай? Анықтай бастадық. Бажайласақ, манағы банк 2014 жылғы жеке куәлікті негізге алыпты. Соның көшірмесінен биометрия жасағандарын жеткізді.
Бірақ бұл биометрия емес. Былық қана. Депутаттың дегбірін кетіргені де сол. Мұрат Әбенов алдымен эталонды, яғни негізге алатын бірыңғай деректер базасын құруды, сосын банктерді соған қосуды ұсынды. Рас, елде ондай ұлттық орталық жоқ. Мемлекеттік органдар мен жеке сектордың мәліметтер қоры бөлек-бөлек. Олқылықтың орны келер жылдың алғашқы тоқсанында толуы тиіс.
Мұрат Ахатай, ҚР ЖИЦДМ Цифрлық cервистер басқармасының басшысы:
- Енді деректер базасы мемлекеттің бақылауында болады. Негізсіз пайдаланудан, таралып кетуден сақталады. Ал енді қаржылық секторларды біздің эталондық сақтау қорына интеграциялау арқылы олар біздің деректерді алып, өздерімен сәйкестендіріп отырады.
Яғни азаматтардың деректері бір жерге шоғырланады. Мемлекет қорғауында болады. Ал басқалары мәлімет сақтамайды, тек салыстырады.
Айбар Олжай, сарапшы:
- Бірақ бұл жерде мынадай мәселе. Банктер адамды мемлекеттік эталонмен салыстырмай тұрып, тек қана өзінің жеке базасына сәйкес шешім қабылдамау керек. Егер мемлекеттік эталоннан растау келмесе, банктер жаңағы операцияны әрі қарай мақұлдатпау керек. Сол кезде ғана бізде нағыз қауіпсіздік болады.
Биометрия деген жүзің мен саусақ ізін тану ғана емес. Дауыс арқылы анықтап, қол тамырларын ажырату да жатады. Қысқасы технологияны жетілдіре берсе, түрлене түседі. Сала министрлігі әзірге бет-әлпет биометриясымен шектелген. «Бірақ бұның өзі сәйкестендіру кезінде сезіктіні бірден әшкерелейді», – дейді мамандар.
Авторлары: Нысаналы Ығыл, Абдулхамит Бөлекбаев