Жылыту маусымы басталғалы бері елімізде 800-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Өкінішке қарай, тілсіз жаудан 46 адам қаза тапты. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда өрт саны 7,5 пайызға азайғанымен, адам шығыны кемімей отыр. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері республика бойынша рейд жүргізіп, тұрғын үйлерде улы газдың таралуын алдын ала анықтайтын 29 мың датчик орнатты. Тексеру және түсіндіру жұмыстары елорданың жеке меншік секторында да жүргізілді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бүгінгі рейд Байқоңыр ауданына қарасты Кірпішті тұрғын алабынан басталды. ТЖМ мамандары тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, электр сымдарын тексерді. Пештер мен мұржаларды тазартуға жәрдемдесті.

Әлеуметтік осал топқа жататын 300-ден астам отбасына көміртегі тотығын анықтайтын арнайы датчиктер орнатылды. 25 тұрғын үйдің қазандықтары күл-қоқыстан және күйеден тазартылып, 18 үйдің электр сымдары қалыпқа келтірілді.

Күлжамилә Жүкенова, қала тұрғыны:

- Сақтықта қорлық жоқ дейді. Бізді ескертіп, дабылды қойып, өмірімізді сақтап жатқандарыңызға көп рақмет! Елімізде жақсылық пен тыныштық болсын. Осылай қамымызды ойлайтын жастарымыз көп болсын.

Шолпан Сайлаубаева, қала тұрғыны:

- Мынадай құрылғы орнатып бергені өте жақсы. Улы газда өзі белгі береді екен. Не терезе ашу керек, не сыртқа шығу керек. Менің кішкентай балаларым бар, өте жақсы нәрсе.

Рейдке волонтёр жастар да қатысты. Олар азаматтарға жылу жүйелері мен электр құралдарын қауіпсіз пайдалану ережелерін еске салды. Нұсқама жүргізу бойынша жалғызбасты зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға және көпбалалы отбасыларға басымдық берілді.

Ербағлан Полатов, қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері:

- Іс-шараның мақсаты — жылыту кезеңінде өрттерді алдын алу. Тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында тұрғын үй секторларын аралау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни осындай өрттерді болдырмау мақсатында алдын алу шараларын қамтамасыз ету бойынша осындай іс-шараларды жүргізудеміз.

Жалпы Астананың шеткі аудандарында көмір мен қатты отын жағатын 31 мың жеке тұрғын үй бар. Жылыту маусымы басталғалы бері 96 рейд жүргізіліп, 13 мың үй тексерілді. Бұл жұмыстар әлде де жалғасын таба бермек.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Қазанбаев, Дмитрий Димитриев