Әлем экономикасы жаңа бетбұрыс іздей бастады. Бұған дейін Ақ үй басшысы Дональд Трамп бірқатар елді шарлап, АҚШ-тың мүддесі үшін біраз келісім жасады. Әрине, инфрақұрлымы әуелден қалыптасқан әрі бес қаруын сайлаған ірі сауда ойыншысымен әріптестіктен ешкім қашпайды. Бірақ Трамптың Америкамен келіскен жұрттың өзгемен шаруасы болмасын деген ультиматумы бар.

Мысалға, Үндістан. Даңғайыр территориясы мен 1,5 миллиард тұрғыны бар мемлекет екі оттың ортасында қалған тәрізді. Бірақ Нарендра Моди таразының басын тең ұстағысы келеді. Осы себеппен еліне келген Президент Путинді бар сән-салтанатымен қарсы алды. Өйткені Үндістанға Ресей, Ресейге Үндістан керек-ақ. Ресей мұнайының 3/1 бөлігін осы елге экспорттап келеді. Бұл кездесуге біз неге мән бердік және бұл кездесуде тағы қандай мәміле жасалуы мүмкін.?

Үндістан Ресей басшысының екі күндік сапарына тыңғылықты дайындалған. Нью-Дели көшелеріне екі ел басшыларының суреті ілінді. Қауіпсіздікті де барынша күшейткен. Ел билігі қонағын қарсы алуға әзірлігін аямағаны көрініп тұр. Нью-Дели әуежайына қонған президент Путинді ұшақтан премьер-министр Моди өзі күтіп алды.

Украинадағы қарулы қақтығысқа дейін Үндістанның мұнай импортының тек 2,5%-і ғана Ресейге тиесілі болатын. Биыл бұл көрсеткіш 35%-ке дейін өсті.

Алайда АҚШ-тың санкцияларынан кейін Нью-Дели ресейлік мұнай тасымалын толық көлемде болмаса да, тежей тұруға мәжбүр. «Кремль басшысы осы мәселеге баса назар аударатыны анық», – дейді сарапшылар.

Андрей Колесников, Novaya Gazeta шолушысы:

- Ресей өзін оқшауланып, жалғыз қалды деп санамайды. Өйткені Азия және «Ғаламдық Оңтүстік» деп аталатын дамушы елдермен қатынасы жақсы. Болашақта әлемдік экономикада осы елдердің алар рөлі зор. Бірақ Кеңес одағы кезінде де АҚШ-пен, Батыс Германиямен, Франциямен көпвекторлы саясат жүргіздік. Ал қазір Еуропадан толық оқшауландық. Бұл бұрың-соңды болмаған жағдай. Ресей Еуропаның бір бөлігі дейтін. Енді бұл олай емес.

Кез келген серіктестікте екі жақ та өз мүддесін ойлатыны анық. Биыл Үндістанның іргесіндегі Пәкістан Қытайдан J-35 жойғыш ұшақтарын сатып алды.

Екі ел арасындағы жанжал жиі ушығып тұрады. Сондықтан Премьер-министр Моди үшін елдің әскери әлеуетін күшейту маңызды.

Бұл арада Үндістан Ресейден зымырандардан қорғану жүйесі С-500 бен Су-57 жойғыш ұшақтарын өзінің қару-жарақ арсеналына енгізуге ниетті.

Раджеш Рой, Associated Press агенттігінің сарапшысы:

- 2018 жылы Үндістан Ресеймен С-400 жүйесінің 5 данасын сатып алу үшін құны 5,4 млрд доллар келісімге қол қойды. Бірақ Украинадағы қарулы қақтығыс салдарынан қалған екеуі жеткізілген жоқ. Сондықтан Моди осы мәселені тездетуді және қосымша әскери техника сатып алудың жайын қозғауы мүмкін.

3 ай бұрын президент Путин Қытайға барып, Модимен қолтықтасып, Си Цзинпиньмен үшеуі емен-жарқын рәуіште әңгімелесті. Бұл сәт Мәскеудің мықты одақтастары бар екенін аңғартса керек. «Дональд Трамптың тариф саясатынан мезі болған Үндістан бұл жолы АҚШ-тың қысымына тізе бүкпейтінін көрсетпек», – дейді сарапшылар.

Амитабх Сингх, Джавахарлал Неру универистетінің профессоры:

- АҚШ-тың Үндістанға енгізген тарифтері біздің экономикаға әсер етті. Экспортқа тауар шығаратын кәсіпкерлеріміз жұмыссыз қалды. Енді олар жаңа нарық іздеп жүр. Бұрын АҚШ-қа экспортаған тауарларды неге Ресейге сатпасқа? Екі ел арасындағы алыс-берісті 100 миллиард долларға дейін жеткізуге болады.

Бүгін тараптарды ауқымды келіссөздер күтіп тұр. Сарапшылардың айтуына қарағанда Моди мен Путиннің кездесуі Азиядағы геосаясаттың жаңа бағытын айқындайды.

Авторы: Зайнұр Байжігіт