FIFA 2026 жылы өтетін додада бақ сынайтын құрамаларға берілетін ресми сыйақы мөлшерін бекітті. Келер жылы алғаш рет 48 команда қатысатын турнирдің қаржылық қоры бұрынғыдан да қомақты болмақ, деп хабарлайды Egemen.kz.
Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) мәліметінше, Әлем чемпионы атанған құраманың қазынасы 50 миллион доллармен толығады. Тіпті, топтық кезеңнен аса алмаған командалардың өзі жұбаныш сыйлығына ие болады.
Сыйақылардың мөлшері төмендегідей:
- Чемпион – 50 млн доллар;
- 2-орын – 33 млн доллар;
- 3-орын – 29 млн доллар;
- 4-орын – 27 млн доллар;
- 5-8-орындар (ширек финал) – 19 млн доллар;
- 9-16-орындар (1/8 финал) – 15 млн доллар;
- 17-32-орындар – 11 млн доллар;
- 33-48-орындар – 9 млн доллар.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды турнир болмақ. Әдеттегі 32 құраманың орнына АҚШ, Канада және Мексика ареналарында 48 ұлттық команда бақ сынайды.
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының жеребесі тартылды
Турнир 2026 жылдың 11 маусымында Мексикадағы атақты «Ацтека» стадионында басталады. Алғашқы ойында Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы құрамалары кездеседі. Әлем чемпионы 2026 жылдың 19 шілдесінде Нью-Йорктегі (АҚШ) «Метлайф» стадионында өтетін шешуші матчта анықталады.