Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Ынталы елді мекенінде жаңадан салынған 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тұрғындар үшін маңызды ғимараттың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен құттықтады.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Жаһан жұрты елімізді өнеріміз, мәдениетіміз арқылы танып біледі" деп атап өткен болатын. Сондықтан мәдениет саласына қолдау көрсетудің маңызы зор. Биылғы 13 наурызда Мақтаарал тұрғындарымен өткен кездесуде халық тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілген болатын. Сіздер құрылысы басталып, қаржының толық бөлінбеуіне байланысты тоқтап қалған екі мәдениет үйінің құрылысын аяқтау туралы ұсыныс бердіңіздер. Бұл – Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округіндегі мәдениет үйлері. Аталған нысандарды өз бақылауыма алып, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражат толық қарастырылды", – деді Нұралхан Көшеров.

Оның сөзінше, нәтижесінде бүгінде бұл мәдениет ошақтары халық игілігіне табысталып жатыр.

"Сонымен қатар А.Қалыбеков ауылдық округіндегі бір мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықпен кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Мырзакент кентіндегі орталық саябақты қайта жаңғырту еді. Халықтың осы өтініші де назардан тыс қалмай, бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жоба толық жүзеге асырылды. Ауылдарды, өңірді дамыту жұмыстар жалғасады", – деді Нұралхан Көшеров.

Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Жер телімінің жалпы алаңы – 1 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 1 273 шаршы метр. Конкурстық құны – 794 002,7 мың теңге. Нысанның ашылуымен 70-тен астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Мұнда түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелер, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар ғимарат ішінен заманауи талаптарға сай кітапхана да ашылып, оқырмандарға есігін айқара ашты. Спорттық үйірмелерге де орын қаралған.

Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 10 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Аталған мәдени мекемелерде жастар мен оқушылар би, домбыра, қолөнер, эстрада және тағы басқа бағыттар бойынша өз өнерлерін шыңдап келеді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған материал

Logotype Massaget