Бүгін, 19 желтоқсанда Астананың барлық алты ауданында бір уақытта 40-тан астам жаңа жыл шыршасының шамы жағылады. Осыған байланысты елорда әкімдігі қала тұрғындары үшін маңызды хабарландыру жасады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның мәліметінше, жаңа жыл шыршасы шамының жағылуына орай тұрғындар мен қала қонақтары үшін концерттер мен мерекелік шаралар ұйымдастырылады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және келушілер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында іс-шаралар өтетін уақытта "Астана Арена" стадионының маңында көлік қозғалысы уақытша шектеледі.
Шектеулер "Алау" мұз сарайы жағындағы көше мен "Астана Арена" стадионының шығыс жағындағы көшеге қатысты.
Көлік қозғалысы шырша шамын жағуға бірнеше сағат қалғанда шектеледі және барлық мерекелік іс-шара аяқталған соң ашылады.
"Жүргізушілер алдын ала жүру бағытын жоспарлауы және жол қозғалысының ұйымдастырылуындағы өзгерістерді ескеруі қажет", — делінген хабарламада.
Сондай-ақ ауа райының қолайсыздығына және мамандардың ұсынымына байланысты мерекелік бағдарлама аясында көрсетілеуі тиіс болған дрон-шоу кейінге қалдырылған.
"Қазгидромет" РМК-ның мәліметінше, Астанада қар жауып, бұрқасын болуы, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық құралдарды сақтау мақсатында дрондардың ұшуы уақытша тоқтатылды", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз