Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр былтыр елден аумағынан жанар-жағармай материалдарының ірі көлемде шығарылғанын мәлімдеді.
Ол бұл ақпаратты "Ақ жол" фракциясының депутаттық сауалына жауап беру кезінде айтқан, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Роман Склярдың айтуынша, Қазақстан мен көрші елдердегі жанармай бағасының айырмашылығы оның жаппай шығарылуына және елдегі қордың азаюына себеп болған. Жалпы, жанармай қоры шамамен 430 мың тоннаға азайды.
Құқық қорғау органдарының бағалауынша, ай сайын 50 мың тоннаға дейін жанармай "жасырын тауар" ретінде экспортталған, оның едәуір бөлігі шағын мұнай өңдеу зауыттарының өнімдеріне тиесілі.
2025 жылдың ақпанында Қаржы мониторингі агенттігі Қырғызстанға 480 тонна АИ-92 бензинін заңсыз шығаруға тырысқан әрекетті тоқтатты. Бұл жанармай шағын мұнай өңдеу зауыттарының өнімдері ретінде рәсімделген.
"2023-2024 жылдары шағын мұнай өңдеу зауыттарынан 117 мың тоннаға жуық жанармай шығарылған", – делінген Роман Склярдың жауабында.
Айта кетейік, бұған дейін "Ақ жол" фракциясының депутаттары елдегі жанармай тапшылығының жүйелі мәселесін көтерген еді.
Олар Қазақстанның ірі мұнай экспорттаушы ел болуына қарамастан, жанармай тапшылығының негізгі себептері ретінде 3 ірі мұнай өңдеу зауытының шектеулі қуаты, маусымдық жөндеу жұмыстары және импортқа тәуелділік екенін атап өтті.
Депутаттар бұл мәселені шешу үшін келесі ұсыныстарды айтты:
- 30-дан астам шағын мұнай өңдеу зауыттарының әлеуетін тиімді пайдалану;
- Экспорттық шектеулерді алып тастау және бақылауды күшейту;
- Жабдықтарды жаңғыртуға мемлекеттік қолдау көрсету;
- Шикізатты бөлу механизмін ашық ету;
- Шағын мұнай өңдеу зауыттарын 2050 жылға дейінгі саланы дамыту стратегиясына енгізу.