"Қазмырыш" зауытындағы жарылыстан кейін ауада зиянды заттар көлемі артты.


Ауа сапасына зерттеу жүргізген "Қазгидромет" мамандары осындай қорытындыға келді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Мамандар ауадағы ластаушы заттардың құрамын анықтау үшін күкірт қышқылы, күкіртсутек, күкірт диоксиді, хлорсутек, азот диоксиді, азот оксидіне сынамалар алған.

"Бірінші нүкте – Белинский көшесі, 3 мекенжайы бойынша жүргізілген тексеріс нәтижесінде хлорсутек бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден 1,8 есе артық екені анықталды. Екінші нүкте – Асқар тау көшесі, 11 мекенжайында күкіртсутек шекті рұқсат етілген мөлшерден– 1,7 есеге, ал көміртек тотығы – 3,6 есеге асып кеткен. Үшінші нүкте – Широкая көшесі, 16 мекенжайында тікелей өлшеу әдісі бойынша шекті мөлшерден асу фактілері тіркелген жоқ", – деп жазылған зерттеу нәтижесінде.

Айта кетейік, бүгін Өскемендегі зауытта жарылыс болып, 2 адам қаза тапты.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов кәсіпорындағы жағдайды тікелей өз бақылауына алды.