Синоптиктердің болжамынша, ел аумағында жаңбыр, найзағай, бұршақ, қар аралас жауын-шашын, сондай-ақ желдің күшеюі мен тұман күтіледі.
"Қазгидромет" РМК 22 мамыр күні Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында қатты жаңбыр жауып, өзендердегі су деңгейінің көтерілуі мен су басу қаупі бар. Алматы қаласында да жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.
Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында түнгі уақытта тұман түсіп, кей жерлерде 3 градусқа дейін аяз болуы мүмкін. Кей өңірлерде желдің екпіні секундына 15-23 метрге дейін жетеді.
Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында шаңды дауыл, найзағайлы жаңбыр және жоғары өрт қаупі күтіледі.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түсіп, жел күшейеді. Сонымен қатар өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыз жағдайында сақтық шараларын сақтауға, таулы аймақтарға барудан бас тартуға және қауіпсіздік талаптарын орындауға шақырды.