Осыдан екі жыл бұрын Оралда қарияларға арналған белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды .

Алайда биыл сол орталық жабылып қалды. Аға буын өкілдері екі айдан бері көшеде жиналып, далада жаттығу жасап жүр. Ал қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары қарияларға арналған орталықтың қашан ашылатынын нақты айта алар емес.

Некрасов сквері қариялардың күнделікті бас қосатын орыны. Олар таңмен осы жерге жиналып, дене жаттығуларын жасайды, табиғат аясында шай ішіп, әңгіме-дүкен құрады. Бұрын белсенді ұзақ өмір суру орталығына баратын. Алайда екі ай болды орталық құлыптаулы тұр.

Самат Есболов, қала тұрғыны:

- Жаңа жылдан кейін жабылып қалды. Содан кейін кеше сәуір айында ашылған басқа ғимаратқа. Ол ғимарат та бір айға жетпей жабылып қалды. Бос уақытын тиімді өткізу, денсаулығын күту үшін жаттығу жасап, шахмат-дойбы ойнау, теннис ойнау, бильярд ойнауға соған ғимарат жоқ болып тұр ғой. Қазір қаланың зейнеткерлері қаңғып жүр әркім өз бетінше.

Бейнеттің зейнетін көрер жастағы аға буын өкілдері үшін орталықтың орны бөлек. Себебі олар осы жерде түрлі үйірмеге қатысып, шетел тілін үйренетін, ақпарат алмасып, мамандардан кеңес алатын. Мәселен, 75 жастағы Нәсіп апамыз кейінгі кезде қолөнер үйренгенін айтады.

Нәсіп Жүнісова, қала тұрғыны:

- Әрқайсымыздың семьямыз бар, бала-шағамыз бар. Бірақ зейнет жасына жеткесін, жалғыз басты адамдар көп, бір-бірімізбен қарым-қатынас жасап, сосын онда біздерге сабақтар ұнайды. Музыкаға, хорға қатысамыз, биге қатысамыз, еңбек терапиясы бар, сосын өте күшті қолөнер бар. «Қамқорды» жапқасын, белсенділер болып, әкімдікке бардық, «Аманатқа» бардық. Бірақ та осы уақытқа дейін ешқайдан да, ешкімнен хабар жоқ.

Ал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары орталықтың жабылуына мемлекеттік сатып алудың төңірегіндегі дау-дамайдың кесірі тигенін айтады. Яғни бұрыннан жұмысты жүргізіп отырған кәсіпкер жыл басында тендер ұтып, қызметін бастайды. Алайда жеңілген жақ байқау қорытындысымен келіспей, жеңімпазды сотқа береді. Сот байқау кезінде қателіктер кеткенін айтады.

Ақмарал Мүсілова, мүгедектер мен зейнеткерлерге әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары:

- Күні бүгін «Жас-кен» ЖШС шартты бұзып отыр. Енді портал рұқсат беруін күтіп отырмыз. Қайтадан бір сол бір тәртіптері бар, процедуралары бар, сол бойынша қай уақытта шешіледі, сол уақытта бастайды ғой. Соттың шешімі шыққанымен, сот шешімінің апелляцияға беретін уақыттары бар, оның орындалатын уақыттары бар, соған байланысты ұзарып кетіп отыр деп ойлаймын.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қызметіне биыл бюджеттен 34 миллион теңге бөлінді. Көп ұзамай мекеме өз жұмысын бастайды, 300-ден астам қария қайтадан орталыққа оралады, деп сендірді бізді қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшылығы.

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов