Жамбыл облысында «Келешек мектептері» жобасы аясында 7 мектеп салу жоспарланған.

Бүгінде оның төртеуі қолданысқа беріліп, оқушылар білім алып жатыр. Солардың бірі Сарыкемер ауылында ашылған ағарту ошағы. Мектеп бір жыл бұрын қолданысқа берілсе де оқушылары едәуір жетістікке жетіп үлгерген. Осылайша жаңа мектеп қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға өз әсерін тигізіп жатыр.

Сарыкемерлік оқушылар сабаққа осындай озық технологияларды қолданып білім алады. Бүгінде ауылдағы «келешек мектебінде» 54 ұстаз 721 шәкіртке білім береді. Жаңа мектеп Сарыкемер мектеп-гимназиясы мен №1 мектеп-гимназиясындағы 3 ауысымдылық мәселесін шешті. Мұнда 33 оқу кабинеті болса, математика, физика, химия, биология сыныптары заманауи лабораториямен жабдықталған.

Ғайни Қайрат, оқушы:

- Бұрынғы мектепте мүмкіншілік аз етін. Ал қазіргі мектепте бізде көбінесе технологиялар бойынша осы мектепте жақсы дамыған. Мысалға бізде гидропоника аппараты бар. Химия кабинеттерінде және физика кабинеттерінде оқуға керекті көптеген құралдар бар. Ал бұрынғы мектепте тәжірибелерді тек қана видеомен көрсететін. Телефон, ноутбуктан көрсететін. Біз оны көзімізбен көріп, қолмен ұстап жасай алмайтынбыз. Ал қазір осы мектепте сол мүмкіндіктердің бәрі бар.

Оқушылар үшін ауқымды асхана, спорт залы мен лингофон кабинеттері және шеберханалар бар. Сабақтан тыс уақытта коворкинг орталықтарында ойын ойнап, демалу қарастырылған. Заманауи кітапхана мен акт залы да балалардың жан-жақты дамуына септігін тигізуде. Оқушыларға жасалған жағдай 1 жыл ішінде нәтижесін беріп отыр. 400-дей жеткіншек облыстық, республикалық және халықаралық пәндік олимпиадаларда жүлдегер болған. Ал волейболдан 13 жасқа дейінгі мектеп құрамасы республикада жеңімпаз атанды.

Өсер Нұрбаев, ауыл тұрғыны:

- Болашағымыздың жақсы болуына жасалған нәрсе ғой. Жастардың өсуіне заман талабына сай тәрбиеленіп, азамат болыр шығуына үлкен жағдай жасайтын мектеп деп есептейміз.

Байзақ ауданында өткен оқу жылында 22 оқушы алтын белгі алса, биыл 44 үміткер тіркелген. Бұл педагогтердің ерен еңбегінің арқасында жеткен нәтиже, дейді білім бөлімінің басшысы.

Нұрболат Мамырбаев, Байзақ аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Басқа аудандарға қарағанда бізде 64 педагог-шебер бар. Шеберлердің көп болуы, соңғы кездері материалдық техникалық жағдайымыздың жақсаруы. Мысалы, айта кететін болсақ, ең бірінші болып облысымызда 1 қыркүйекте 2024 жылы жайлы мектеп қолданысқа берілді. Және де бұдан бөлек осы жылы Сарбарақ ауылынан бізде 100 орындық мектеп соғылып, экспулатацияға берілейін деп жатыр. Және Аққия ауылынан 100 орындық мектеп соғылып жатыр.

Келешек мектептері білім сапасын арттырып қана қоймай, оқушылардың болашақ мамандық таңдауына да септігін тигізеді. Бүгінде «Еңбек адал жас өрен» жобасы аясында балаларға сабын жасау технологиясы, сыпыра тігу, үй шараушылығына қажетті заттарды тігіп сатуды үйретуде.

Мерей Бает Бақытжан Бапаев Елдар Байділдә