Атырау облысы Индер ауданында «Димаш төбе» деп аталатын жаңа тарихи-мәдени кешеннің құрылысы басталды.
Бұл 1978 жылы кенді ауданға арнайы барған мемлекет және қоғам қайрткері Дінмұхамед Қонаев тау-кен өнеркәсібі мамандарымен көшпелі жиын өткізген орын. Аумағы 1 мың 750 шаршы метр алаңға Индер тауынан өндірілетін 22 түрлі тау-кен рудалары қойылады. Кешеннің кіреберісіне доға пішіндес маңдайша орнатылып, «Димаш төбе» атауы жазылады. Тарихи фотосурет пен кешен туралы ақпараттық тақта орнатылады. Бұл Индер ауданының тарихи ерекшелігін танытатын, туристерді тартуға ықпал ететін жаңа нысан болмақ. Жоба аяқталған соң кешен өңірлік туристік картаға енгізіледі.
Жанай Амантурлин, өлкетанушы:
- Енді қазір бұл төбе туризмнің бастауы болғалы тұр. Өйткені осы төбеден сәл шықсаңыз мына жерде тұз бұлақ бар. Әрі қарай әулие бар, Қоңыр Ата. Онан кейін Қыз әулие жатыр. Онан әрі қарай Қараойға-Махамбет мазарына, онан кейін Малайсарыға қарай жол шыға береді. Міне таптырмас туризмге сұранып тұрған тарихи орындар.