Ұлытау облысында да мемлекеттік рәміздер күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24KZ. Жезқазғанда мыңға жуық тұрғын Мемлекеттік әнұранды қосыла шырқады. Орталық стадионда өткен салтанатты шарада көк ту көкке көтерілді. Жастар жағы ұлттық құндылықтарды жырға қосып, рәміздерге деген құрметін өлең жолдарымен жеткізді .
Ал көршілес жатқан Сәтбаев шаһарында ауқымды автошеру ұйымдастырылды. Мемлекеттік Ту ұстаған патриоттар қала көшелерімен жүріп өтті.
Береке Көшенов, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы:
- Үлкендер өмір бойы аңсап, армандаған адамдармыз ғой. Ал енді жан дүниесінің байлығы, болашағы үшін тәуелсіздік деген не екенін, рәміздер дегеннің не екенін түсініп, бойына, қанына сіңірген балалардан ертең рухы да, руханияты да биік тұлғалы азаматтарымыз шығып, елге қызмет ететін азаматтар болады деп ойлаймын.