Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың талабы қанағаттандырылмады . Ол балаларына төлейтін алимент мөлшерін азайтуды сұраған болатын. Бұл туралы адвокат Динара Шамшекова айтты, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адвокаттың сөзінше, 2020 жылы Қуандық Бишімбаев пен оның бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман арасында үш балаға алимент төлеу туралы келісім жасалған. Алайда бірнеше ай бұрын Бишімбаев төлем мөлшерін азайту туралы арыз берген. Ол қаржылық жағдайы нашарлағанын алға тартқан.
"Нормативтік қаулыға сәйкес бұл жағдай шарттарды өзгертуге негіз бола алады. Сот процесі барысында Бишімбаевта мүлік бары анықталды. Үкім шыққан және қылмыстық іс қаралған сәттегі мүлік тізімін де анықтадық. Ол мүлкін қайта рәсімдеген", – деді адвокат Tengrinews.kz-ке.
Адвокаттың айтуынша, мүлік сыйға тарту келісімшарттары бойынша үшінші тұлғаларға берілген. Осыдан кейін Бишімбаев қаржылық жағдайы нашарлағанын алға тартып, алимент мөлшерін бірнеше есе азайтуды сұраған.
"Сот біздің уәждерімізге сүйене отырып, талапты қанағаттандырудан бас тартты. Бұл мүлікті қайта рәсімдеу, балаларға алимент төлеуден жалтару әрекеті ретінде бағаланды. Ал алимент төлеу – оның конституциялық міндеті", – деді Динара Шамшекова.
Айта кетейік, Назым Қаһарман Қуандық Бишімбаевпен ресми некеде 14 жыл тұрған. Ерлі-зайыпты 2020 жылы ажырасқан. Олардың үш баласы бар.
Жақында Қуандық Бишімбаевтың отбасы алимент төлеуден бас тартқаны белгілі болды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз