Бүгінде Қазақстан колледждерінде металлургия, машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және инженерия сияқты экономиканың 15 негізгі бағыты бойынша мамандар даярлау жұмысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін барлығы 170 мыңнан астам студент тәмамдайды.

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше 170 мыңнан астам студенттің ішінде 123 мыңы – жұмысшы мамандықтары бойынша, 27 мыңы – дуалды оқыту жүйесі арқылы, ал 10 мыңнан астамы – кәсіпорындардың мақсатты тапсырысы бойынша білім алған. Жұмыспен қамту көрсеткіші 81 пайызды құрап отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы 1 қыркүйектен бастап сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша оқыту толықтай тегін болады. Мемлекеттік гранттардың 70%-ы дәл осы техникалық бағыттарға бөлінеді. Бұдан бөлек, кәсіпорындардың өтінімдері бойынша шамамен 10 мың студент білім алады.