Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің алғашқы пойыз вагондары рельске орнатылды, — деп хабарлайды Massaget .kz тілшісі.

LRT жобасы туралы алғаш рет 2005 жылы айтыла бастады. Арада 20 жыл өткен соң, алғашқы вагондар елордаға жеткізіліп, рельске қойылды. Редакция тілшісі қазіргі уақытта вагондар орналасқан әуежай маңындағы аймаққа барып қайтты.

Әрбір құрам төрт вагоннан тұрады. Олар Қытайдың Таншань қаласында жасалған. Екі құрам арнайы жабдықталған автотрайлерлермен жеткізілді. Бұған дейін хабарланғандай, вагондар өндірісінде жолаушыларға жайлы қозғалыс пен дыбыстық ыңғайлылықты қамтамасыз ететін заманауи жеңіл әрі берік материалдар қолданылған.

Еске салайық: 9 маусым күні елордаға жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің алғашқы құрамдары келіп жетті.

Пойыздардың техникалық сипаттамасы:

ұзындығы – 59,97 метр,

ені – 2,8 метр,

биіктігі – 3,8 метр;

қуат көзі – үшінші рельс, 750 вольт;

сыйымдылығы – 600-ден астам жолаушы;

ең жоғарғы жылдамдығы – 80 км/сағ;

орташа жұмыс жылдамдығы – 39,5 км/сағ;

салмағы – 94 тонна (жолаушыларсыз).

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек бұған дейін жеңіл рельсті көлік жүйесінің алғашқы құрамдары қалаға жеткізіле бастағанын мәлімдеген болатын.

Ал сәуір айында CTS компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев LRT жүйесінің сынақ режиміндегі іске қосылуы 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланғанын айтты. Бұл кезеңде пойыздар жолаушыларсыз сынақтан өтеді.

Жалпы, LRT жүйесі үшін барлығы 19 жылжымалы құрам шығарылады. CTS баспасөз қызметінің мәліметінше, төрт секциялы, автоматтандырудың төртінші деңгейіндегі пилотсыз пойыздар әрқайсысы 650 жолаушыға дейін сыйдыра алады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget