Әлемде нашақорлыққа қатысты ахуал ушығып тұр. Көрсеткіш кейінгі 1 жыл ішінде 20% артып, 300 миллионға тарта адам есірткіге тәуелді ретінде есепте тұр. Олардың дені жастар. Әсіресе АҚШ, Бразилия сынды елдерде жағдай алаңдатарлық. Бұл жағдайды әлем елдері қалай реттеп отыр?

АҚШ есірткімен күресуге $50 млрд жұмсады

Америкада есірткіге тәуелділіктен өлім-жітім саны көбейіп барады. Былтыр көрсеткіш 90 мыңнан асты. Әсіресе кейінгі жылдары фенталин препаратына сұраныс артқан. Қоғамды жайлаған кеселмен күресу үшін АҚШ билігі өткен жылы 50 миллиард доллар бөлді. Қыруар қаржы заңсыз сатылымға тосқауыл қою мен есірткінің салдарымен күреске жұмсалды. Нәтижесінде АҚШ-та 100 мыңнан астам адам толық тексерістен өтіп, ем қабылдады. Бұдан бөлек, елде DARE бағдарламасы жұмыс істейді. Ол нашақорлықтың алдын алуға және оқушылар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Бағдарлама аясында бүгінге дейін 36 миллион америкалық оқушы арнайы курстан өтті.

Қытайда есірткі сатқандар өлім жазасына кесіледі

Қытайда есірткі сатып, пайдаға кенелгісі келетіндерге заң қатаң. Заңсыз тауарды көп мөлшерде тасымалдағандар бірден өлім жазасына кесіледі. Ал егер заттың салмағы шекті мөлшерден аз болса, оны сатқан адам қылмыскер деп танылып, 20 жыл бас бостандығынан айырылуы немесе өмір бақи қамалуы мүмкін. Сондай-ақ елде есірткінің зияны туралы үгіт-наисхат шаралары белсенді жүргізіледі. Мектептерде міндетті курстар да бар.

Бразилияда көлік жүргізушілері есірткіге қарсы тест тапсырады

Бразилия – АҚШ, Африка, Еуропа елдеріне заңсыз есірткі тасымалдайтын елдің бірі. Бұл мемлекет арқылы Боливия, Колумбия және Перуден әуе және теңіз арқылы кокаин жеткізіледі. 2011 жылдан бері Бразилия Үкіметі көршілес елдермен шекарада есірткі трафигіне қарсы операция жүргізіп келеді. Бақылау дрондардың көмегімен жүзеге асырылады. Биыл заң жүйессіне біраз өзгертулер енді. Енді жүргізуші куәлігін бірінші рет алған азамат есірткіге тест тапсыруға міндетті.

Ресейде есірткіге байланысты 42 мың сайт бұғатталды

Былтыр Ресейде есірткі туралы ақпарат таратқан 42 мың сайтты бұғаттады. Олардың беттерінде күмәнді дәрі-дәрмектер жарнамасы жарияланған. Сондай-ақ жоғары білімі жоқ психолог немесе психотерапевт қызметтері ұсынылған. Былтыр елде тартуға тыйым салынған заттар туралы БАҚ-та насихаттауға шектеу жайлы заң қабылданды.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Райхан Серикова